Арал ауданында дамудың оң динамикасы қалыптасты

48

Арал ауданында дамудың оң динамикасы қалыптасты,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі өтті. Мәжілісте алдымен 2023 жылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің атқарылуы талқыланды. Аталған мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Төлеген Рашев хабарлама жасады.

Жыл басынан бері ауданда дамудың оң динамикасы қалыптасып, негізгі 7 макроэкономикалық көрсеткіштер 100 пайыздан жоғары деңгейде орындалды. Есепті мерзімде 13,6 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі, ауылшаруашылығы саласы бойынша 4,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Аудан басшысы бірінші жартыжылдық қорытындысымен төменгі көрсеткіштегі салалардағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтып, жауапты бөлім басшыларына өнеркәсіп, балық, тұз өңдеу, кварц өндірістеріне, ауылшарушылығы өнімдерінің өндірілуіне талдау жүргізіп, бірлескен түрде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен бірге, егіс көлемін арттыру бойынша қабылданған жол картасының жүзеге асырылу барысы, әлеуметтік дүкен ашу сынды жұмыстардың уақытылы орындалуының маңыздылығына тоқталып өтті.

Аудан әкімінің орынбасарларына игерілген қаржыны бақылауға алу, белгіленген жобалардың уақытылы орындалуын қадағалау тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Арал ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркебұлан Әбдікеров ауданда салық базасын ұлғайту туралы баяндады.

Жиын барысында бірқатар ауылдық округ әкімдеріне салық түсімдеріне қатысты кемшіліктері ескертіліп, салық түсімдерін нақты жоспарлау қажеттігі айтылды. Жауапты сала басшыларына кәсіпкерлік және өндірістік нысандарға бағалау жүргізу және аудандағы құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігер компанияларға жобалар бойынша жергілікті жерге салық төлеуіне бақылау орнату тапсырылды.

Әкімдік мәжілісінің қорытындысымен жиын барысында берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалау аудан әкімінің жауапты орынбасарына жүктелді.


Аралда 342 гектар жерге бақша дақылдары егілді

Жол  картасының  екінші  бағыты  егін  шаруашылығын  дамыту. Өткен  жылмен  салыстырғанда  биылғы  жылы  аудандағы  егіс  көлемі 2  есеге  ұлғайып, 1500 гектар жерге егіс орналастыру жоспарланды. Суды үнемдеу, тиімді  пайдалану мақсатында ауданның шаруа қожалықтары подпленка, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдануда. 21 гектар картоп, 87 гектар көкөніс, 342 гектар бақша, 238 гектар ескі жоңышқа, 460 гектар жаңа жоңышқа және 352 гектар басқа дақыл түрлері егіліп қазіргі күні өнім алынуда. 

Сонымен бірге, 76 гектар жерге түрлі егіс дақылдарын егуге ынталы 120-дан астам аудан тұрғындары анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Қазіргі  таңда С. Саяновтың  сыйымдылығы 400 тоннаны  құрайтын қоймасы  жұмыс  жасап  жатыр, оған  қоса сыйымдылығы  1000 тоннаны  құрайтын  қойманың құрылысы жүргізілуде.

Оның ішінде Ақирек ауылдық округінде «Асхат», «Нұр-Дана» шаруа  қожалықтары «подпленка» әдісімен 7 гектар жерге бақша өнімдерін еккен. Жалпы аудандағы егін шаруашылғын қалыптасырып отырған бірден бір ауыл ол Ақирек ауылдық округі. Мұнда егін шаруашлығы әуел бастан жолға қойылған. Ақпайдың қауыны көршщілес аудандармен қоса облыстарға да шығарылуда. Енді егіншілікті басты кәсіп кетен ауылдың бүгіні мен кешегісі туралы сөз қозғасақ.

Аудан орталығынан 90 шақырым жердегі Ақирек ауылдық округінің орталығы Ақбай ауылы көпшілікке тіл үйірген қауын-.қарбызымен таныс. Иә, бұл өлке ежелден аудандағы егін шаруашылығын дамытып отырған құтты мекен. Жері шұрайды, халқы шырайды ауылдың тұрмыс да түзу.  Жалпы, Ақбай мектебі, балабақшасы жаңа, кәсібі өрістеген мекен. Мұнда шаруашылықтың түр-түрі бар. Халқы еңбекшіл. Бірі мал бағып, қорасын қомдаса, бірі егін егіп дала ырысын молайтқан. Ал енді бірі тың кәсіпті бастап, мемлекет мүмкіндіктерін алуда. Ендеше ауылдың тыныс-тіршілігімен таныса отырайық.

Құс өсірсең, қаз өсір…

«Мал өсірсең...» деп басталатын мақалды Ақбайға барып осылай өзгертіп алдық. Оның өзіндік себебі бар. Қаз – өзге қанаттыларға қарағанда еті бағалы әрі сұранысқа ие құс. Сондықтан кәсіптің көзі деуге болады. Елді мекендегі ең алғашқы бағыт Гүлнәр Әлібаеваның «Арал-құс» СПК шаруашылығы болды.

Құс фермасы күре жолдың сол жақ бетінде орналасқан. Әлгінде ауылға кіріп келе жатып осы жалғыз еңселі үйді көзіміз шалды. Неге өзі оқшау тұр деп ойлап қана қойған едік. Сөйтсек, шаруа баққан шаңырақ екенін үй алдына келгесін білдік. Ауладан ауыр жүріспен алшаңдай басқан аппақ қаздар алдымен көзге ілігеді. Таласып жем жеп, тарпаңдап суға жүгіреді.

– Бұларды бағу оңай көрінгенімен, күтім болмаса азып кетеді, – деді Айбек амандық-саулықтан соң. Құс баққанына көп болмаса да, қыр-сырын меңгеріп алғанын аңғартты. Біз де бастырмалатып сұрап қалып жатырмыз. Өйткені алда барар бірнеше жер бар, уақыт тығыз. Кәсіп иесі Гүлнәр апаймен амандасып, келген мақсатымызды айттық. Жол жүріп келіп жатқан беті осы екен. Шаруашылықты балам таныстырсын деген өтінішімен үй маңындағы фермаға қарай бет алдық.

Қаздың «қорасы» үйден алыс емес, таяқ тастам жерде. Іргесіндегі канал суынан жиналған көлшіктен кердеңдей басқан қаздың бір тобы келіп жатыр. Айналаның бәрі жайылымдық жер. Қаздың балшықты жақсы көретінін бұрын білетінбіз. Тіпті, жемін лайға илеп береді дегенді де естігенбіз. Бірақ бұнымыз бос әңгіме болып шықты. Шалшықтан шөп теріп жүрген қаз көрмедік. Күн жылыда пішен мен жантаққа бас қойса, қыста жеммен қоректендіреді екен. «Жаздай осы жерден отықтырып, союға дайындаймыз» дейді жолбасшымыз.

Былтыр 2200 қазды ет бағытында жөнелтіпті. Сұраушылар да көп. Сөз басында бұның бағалы құс екенін айтқам. Міне, дәлел керек болса, қаз етінің келісі 1500 теңгеден. Төрт түлікпен пара-пар деуге болады. Дәмін көргендер бұл жарықтықты тұздап қойса, жылқы етінен кем болмайтынын айтады. Бүгінде көрші облыстардан қаз етін алып кетіп жатқандар көп. Қаздың қазынасы тек етпен шектелмейді. Балапаны да – пайданың көзі. Биыл шамамен 1500-дей шөжені саудалапты. Айтпақшы, кәсіп иесі үйрек бағуды да қолға алған. Үйрек анау айтқандай көп болмаса да, кәсібін келешек кеңейту үшін бұның да әзірден ілімін алуды жөн көріпті. Балапандай алып, бордақылап, күзге таман сойып алуға қазір біраз адам үйренген. Енді ше? Бір сары үрпегіңіз үш айда 4-5 келі етке айналады. Төрт түлік секілді соңында жүріп семірткеннен гөрі осы дұрыс емес пе?!

Айрықша айта кететін бір мәселе бұл – аудандағы жалғыз қаз өсіретін шаруашылық. Аралда әзірше бәсекелесі жоқ деуге болады. Дегенмен «жарнама болмаса, өнімді оңдыртып сататын түріміз жоқ. Сондықтан былтыр жәрмеңке қоймай қатысып, көрші облыстар мен аудандарға хабар тараттық» дейді Гүлнәр Әлібаева. Шаруашылық жайлы әңгімені үйіне кіріп, кәсіп иесінің өзімен жалғастырдық.

– Осы жұмысты қолға аламыз деп Алматыдан келдік арнайы. Негізі өскен жеріміз Арал ғой. Туған топыраққа келіп, ісімізді дөңгелетейік, аз да болса өскен жеріміздің өркендеуіне үлесімізді қосайық деген ой болды. Әйтпесе, құсқа қолайлы жер басқа жақтан да табылатын. Алматыдағы күйіміз де жаман болды дей алмаймын. Сөйтіп, не керек 6 пайызбен 16 миллион теңге несие алдық та кірісіп кеттік. Қазір күйеуім, балам үшеуміз жаңа жобамызды қалай дамытамыз деген ізденіспен жүрміз, – дейді.

Бүгінде шаруашылық «Линда», «Губернатор» тұқымдас қаздарды өсіруде. Алдағы уақытта тауықпен де айналысып, кеңейтуді ойластырып отыр. Ол үшін тағы 10 миллион теңге несие алғысы келеді. Бірақ әзірше бұл сұранысы қанағаттандырылмай тұр. «Ой көп» дейді Гүлнәр. Ауылда монша да, шаштараз да, наубайхана да салуға ыңғайлы. Осының бәрін біріктіріп, ортақ нысан ашуға да болады. Тек қаржы қолбайлау.

Кәсіп болғасын тек табыстан тұрмайды. Шығын мен мәселе де бір мүйістен көрініп тұрады. Кейде судың тапшылығы шаруаға кедергісін келтірсе, аумақ қоршалмағандықтан мал мен ит те мазаны қашырады. Осындай олқылықтардың орнын толтыруға мемлекеттен көмек көрсетілсе деген ойын жасырмады кәсіп иесі. Гүлнәр Әлібаева әзірше бұл мәселені біржақты етуге шама жетпейтінін айтты. Себебі, қазір табыстан гөрі ай сайын несиені жабу керек деген қарбаласпен жүр. Қарызды өтеп болғанша кәсіптің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, қарап отырғанша, мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып, өз ісін бастаған еңбекқор жанның шаруасы бізді қуантты.

Мұражайға айналған монша 

Ағаштан түйін түйген ақбайлық Жанәбіл ұстаны бұған дейін білетінбіз. Ол кісінің үйінің іші-сырты алыстан көз тартады. Қиюласқан дүниенің бәрі ұстаның өз қолынан шыққан туындылар. Ағаш шебері жасаған дүниелерді өз көзімізбен көрмекке арнайы бардық. Бір қызығы, Жанәбіл аға бұл ермекпен зейнетке шыққан соң айналыса бастаған.

Қазіргі таңда ағаш ұстасының ескі моншасы мұражайға айналған. Еңкіш тартқан ескі сарайға бас сұқсаңыз, көздің жауын алар дүниелерді тамашалаумен-ақ көп нәрсеге қанығасыз. Еліміздегі сәулеті келіскен архи-тектуралық нысандардың ағаш түріндегі шағын пішіні сол бір ескі моншаның ішіне жайғасқан. Тіпті әлемнің жеті кереметі саналған жауһар дүниелер де Жанәбіл ағаның қолынан шыққан. Еткен еңбектің өтеуін қара жерден тілейтін ақбайлық қауымның жер бусана салысымен алқапқа асығатынын аудан жұртшылығы жақсы білер. Күннің ыстығына қарамастан апталап, айлап егістік алқаптың басында еңбек ететін жұрт мұнда әлі де бар. Ал, кейіпкеріміз қазіргі уақытта бұл жұмыстардың бәріне балаларын бейімдеген. Өзі зейнет жасына жеткен соң бейнетке толы жұмысты тоқтатқан. Бірақ, ағаштан түйін түюді жалғастырып келеді. Ауыл мектебін бітіре салысымен ел қатарлы еңбекке араласып кеткен Жанәбіл Әбдешұлы 1969-1971 жылдары көршілес Ресей елінің Челябинск облысында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген. Елге оралған соң бір жылдай алдындағы ағасына көмекші болады. Еңбек жолы осылай басталған қарт ұста бір жыл ауылдық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеп, артынша көктемде кітапханашы болған. Мұнан соң, 1980 жылы ауылдағы киноклубты ашып, осы салада киномеханик болып 1997 жылға дейін еңбек еткен. (Ақбайдың төріне ең алғаш киноклубты алып келген осы Жанәбіл ағамыз екен). Кейін ауылдағы «Ақбай» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары болып 2017 жылға дейін жұмыс істейді. 2014 жылы иығына зейнеттің зерлі шапанын жапқан ұста, жаңа өнеріне шындап кіріседі. «Қожалық жұмысын атқарып жүрген кездерде құжаттарды жазуда шаруашылықтың тірі компьютері мен болдым ғой» деп қалжыңдап қояды. Рас, ол кездерде құжаттамалық жұмыстардың өзіне бір адам керек болған ғой.

Шаруашылықтың ісқағаздарын ауданға тапсыруда жазуы дұрыс болмаса да құжат жарамсыз болған. Сондай сәттерде әрбір әріпке мән бере жазуды әбден игерген кейіп¬керіміз «Ақбай» шаруа қожалығының мөріне айналып кетті.

– Бұл өнер негізі ұсталықтан басталды. Қара шаңырақты өзім тұрғыздым. Сол кездерде-ақ оның ішкі-сыртқы келбетін келістіріп, көзге ерекше түсетіндей етіп жасауды ойлап жүретінмін. Солай еттім де. Үйдің қабырғалары мен бұрыштарын әсем етіп безендіру ісі менің қолымнан оңай келді. Кейіннен барып, үйдегі пышақ, ара секілді қарапайым заттармен ағаш қашауды әдетке айналдырдым. Бұл менің хоббиім деуге болады. Әйтпесе, осылардан табыс табайын немесе атақ шығарайын деген ой менде мүлдем болған емес. Туындыларыма қызығушылар болды. Бірақ мен оларды саудалаған емеспін. Бәрі де қызығушылықтан туындаған дүниелер ғой, – деп қысқа қайырды Жанәбіл ағамыз.

Кеңес тұсында кез келген ауылдағыдай Ленин мүсіні сол кезде Ақбай ауылында болды. Бірақ ол күтімсіздіктің салдарынан сынып қалыпты. Қалдығын алып, мүсінді қайта қашап шыққан кейіпкеріміздің мүсіншілік қабілетін де байқаған едік. Әрине, бұл іс екінің бірінің қолынан келе қоймас. Себебі, сурет салу бір бөлек те, ал бейнені тасқа қашап келтіру мүлде бөлек. Бұл үлкен ептілік пен сарқылмас сабырды қажет етсе керек.

Түркінің батыры – Ертұғұрыл жайындағы тарихи кинотуынды қазір экран алдына біраз жұртты жинады. Көпшіліктің жүрегінен орын алған сол кинода Ертұғұрылдың сенімді серіктері саналған Тұрғыт алып пен Бамсы сардардың жауынгерлік қарулары айбалта мен қос қылышты да біз мұражайдың мүйісінен көріп қалдық. Негізі, Жанәбіл аға көп дүниені немересінің өтінішімен жасайды. Осы жолы да “басты тапсырыс берушісі” сол батырлардың қаруларын жасап беруін сұраған екен. Міне, қарадомалақтар батыр кейпіне еніп, айбалта ұстап айбатқа мініп жүр. Мұражайға айналған ескі моншаға бас сұққанымызда, біздің көзімізге оттай басылған дүниелердің бірі сол болды.

Қолөнерші туындыларын балаларына аманат етіп қалдыруды көздейді. Атасының мұндай қымбат дүниелерін көзінің қара¬шығындай сақтайтын немерелері өсіп келеді. Қарапайым ауылдағы қарт шебер қазынасын одан әрі толықтыра бермек. Ағаш таңдамайтын ұстаның бүгінгі серігі – арасы мен пышағы. Осы екі бұйыммен әлі талай туынды жасап шығарар…

Ақбайдың қауындары, кетпейтін ауыздан дәмі

Жанәбіл ұстаның шағын шеберханасымен танысқан соң, одан әрі алқапқа бастық. Қара жолдың қансорпасын шығарып, жүйткіп келеміз. Ауыл іргесінен алыстамай-ақ, ауыр техникалардың қозғалысы басталды. Жағалай жатқан гектар-гектар жер. Трактордың ізінде сүйретілген сояу-сояу тіс топырақты төңкеріп, астын үстіне шығарып жатыр. Кейбірі шаруаны енді бастаса, егінге ерте кіріскендер дән тастап үлгерген екен. Біз де алғашқы қара көрінген тұсқа келіп тоқтадық. Жақындай барып, жағдай сұрастық. Жер жыртып жатқан аумақ “Сұлтан” шаруа қожалығына тиесілі екен.

Қожалық иесімен тілдескіміз келген, бірақ қалаға кетіп қалыпты. Алқап басындағы еңбеккерден бақша жайлы бірер ауыз сөйлесуге мүмкіндік болды. Қызу еңбектегі адамды мазалауға да ұялдық. Тіпті, атын сұрап та үлгермеппіз.– Ақбайдың басты өнімі – қауын ғой, – деді ол тракторға пәрмен беріп жатып. 

– Биыл еншімізде екі жарым гектарды игеру тұр. Бітік шықса, берекеміздің артқаны. Қызметіңді жасасаң, қара жер де құр қалдырмайды. Міне, осының арқасында отбасымызды асырап, нәпақамызды тауып жүрміз, – деп одан әрі жұмысын жалғастырып кетті. 

Арал дария бойындағы аудандардай егіншілікке етене емес. Аудан бойынша жерден өнім жиятын елді мекен тек Ақбай болса керек. Тіпті, бұл ауылдағы басты кәсіп десек болады. Бүгінде Ақбайда 44 шаруа қожалық тіркелген. Ақирек ауылдық округінің әкімі Аралбай Ниязымбетов олардың барлығы бірдей бақша екпейтінін айтады.

– Бізде бақшамен қатар, мал азығын егетін қожалықтар да бар. Ал картоп секілді дақылдарды әркім өз керегінше егіп алады. Негізі Ақбайдың бренді – қауын ғой. Ел-жұрт таласып алатын да осы өнім. Шүкір, шаруалардың ширақ жұмысының арқасында өнім ойсырамай, ойлағандарындай табыс тауып келеді. Мәселен, жаңа сіздер барған “Сұлтан” шаруа қожалығы гектарынан 90-100 центнерге дейін өнім жияды, – дейді.

Жер емген жұрттың басты мәселесі су екені белгілі. “Биылғы алқапқа кететін судың шаруасын бүгінде бірыңғайладық” дейді ауыл әкімі. Айтуынша, 44 шаруа қожалыққа шамамен 1 млн 605 мың текше метр су қажет болады. Оны көршілес Қазалы ауданының су шаруашылығы мекемесімен келісе отырып жүргізетін көрінеді. Тіршілік нәріне кететін төлем де жасалып жатыр. Тек бақша еккен ағайын табиғаттың тосын мінезінен мәселе болмаса деп тілейді. Біз бақылап өткен мына жерде бірер айдан соң Ақбайдың сары қауындары теңкиіп жатар…

Ауылдағы алма бақ

Аралдың Сыр беткейіндегі сапар бақша алқабынан соң Санат Нұрмановтың жаңа шаруашылығында жалғасты. Бұл кәсіп иесінің өзі үшін ғана емес, жалпы аудандағы жаңалық десек болады. Алма өсіруді қолға алған азаматтың жұмысымен, аудандағы алғашқы алма бақпен танысып қайттық.

Бізді кәсіп иесінің тәуекелшілдігі таңғалдырды. Қалай дейсіз ғой? Бұл істі негізі былтыр бастапты. Бес жүз түпті жеріне орналастырып, алғашқы қадамға барады. Енді алып келе жатқан шыбықтар, судың тапшылығынан қурап, өліп қалған. Бірақ бастаған істі аяғына жеткізуді мақсат етіп, биыл 5 гектар жерге 3000 түп алма қайта егіп отыр. Ол үшін бағдарлама бойынша 4,5 млн теңге несие алыпты. Ісі алға баспаса, кәсіптен іргесін аулақ салатындар үшін бұл үлгі емес пе?!

Сонымен жұмыстың жайын айтайық. Алма дегеніңіз бізге таныс емес кәсіп. Білуімізше, судан тарылтпай, топырағын құнарландырсаң, аса қамқорлықты қажет ете қоймайды. Бақ басына келгенде түйгеніміз осы болды. Бұл өсімдікті аптасына бір суарсаңыз жеткілікті екен. Өзін кәсіп иесінің баласымын деп таныстырған Ақжігіт шыбықтарды аралатып, технологиясымен таныстырды.

– Мына айналдыра жағалай еккеніміз – терек. Бес гектар жерді осымен қоршадық. Алманың тұқымы ұшпасын, талға ықтасын болсын дегеніміз. Оның сырты көріп тұрғаныңыздай сыммен қоршаулы. Орта тұсына барсаңыз гүлдеп тұрған ағаштар көзіңізге түседі. Негізі есебіміз бойынша екі жылда жеміс беріп қалатын шығар, – дейді ол.

Біздің жердің бір айыбы, топырағы сортаңды болып келеді. Бұл өскіннің одан әрі алып кетуіне кедергі. Сондықтан алмалар арықтың ортасына орналастырылған. Су жүрген кезде тұз жиекке ығысады. Міне, бағбандар бірте-бірте бұрын таныс емес тірліктің қыр-сырына осылайша қанығып жатыр. Көшеттер Түркістан облысынан алдырылған екен. Мұнда «Голден», «Симиренко» тұқымдары көктеп жатыр. Мақсат белгілі. Бұйыртып, жеміс берсе, ауданды алмамен қамту. Сондай-ақ, жүз-жүз түптен шие, алмұрт секілді жеміс ағаштары да тасталыпты. Кім біледі, бұл жемістер де жерсініп жатса, кеңейту ойларында бар.

Осылайша бұрын мал баққан жұрттың, бүгінде тал егуге бет бұрып жатқанына куә болдық. Гектарлаған жердегі қаз-қатар тізілген көшеттерге көзіміз сүйсінді. Күннен қуат, судан нәр алған жас өскіндер әзірше бағбанның бақылауында. Асықпасақ, алма жейтін күн де алыс емес.