Бірге түскен суреттерін желіге жүктеген әйелді полиция қызметкері қызметтік көлікпен қаққан

893

Шымкентте туған күні кешіндегі суреттерді желіге салған әйелді полиция қызметкері соққыға жығып кеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Otyrar порталына сілтеме жасап.


Әйелдің айтуынша, маусым айында полиция қызметкері туысымен бірігіп, жұмыс орнында оны қатты соққыға жыққан. Шабуылдан кейін учаскелік полиция қызметкері оны қызметтік көлікпен әдейі қағып кеткен.


"Бәрі Instagram желісінен басталды. Мен оның әйелін танымаймын. Ол менің Instagram парақшама жалған аккаунтпен жазылған екен. Жақында менің туған күнім болған. Желіде онымен бірге түскен суреттер салынды. Бірақ бұл суреттерде одан да басқа бірнеше ер адамдар болды. Әйелі соны көрген екен. Сонда отбасылық жанжалдары үшін мені көлікпен қағу керек пе?” – деді жәбірленуші.


Оқиғадан кейін ол полицияға арыз жазған. Іс "Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" әкімшілік бабы бойынша қозғалған. Тұрғынның сөзінше, сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған. Тіпті кешірім сұрамай, мысқылдап қана отырған екен.


"Сот отырысында бұрмалауларды естіп мүлде таң қалдым. Ол өзін мені қоңырау шалып шақырып алды деп айтты. Бұл жағдайдан қалай шығуға болатынын заңгерлермен әбден кеңескені көрініп тұр. Өйткені осының бәрі орын алған күні маған оның полиция бөліміндегі басшылығы келіп, арыз жазбауымды өтінген еді. Себебі мен арыздансам олардың қызметіне кір келеді ", – деді ол.


Жәбірленуші жанжалға полицейдің әйелінің қызғанышы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Адвокат Әлімжан Сартбай бұл істе сәйкессіздіктер көп екенін айтады. Ол полиция бөлімінің басшылығына жүгінді. Алайда, әзірге нақты нәтиже жоқ. Ал учаскелік полиция қызметкері әлі де қызметте.


"Қақтығыстың неден туындағаны маңызды емес. Өйткені кез келген Қазақстан азаматының қорғануға құқығы бар. Бүгін полиция қызметкерінің неліктен оны ұрып-соққанын, содан кейін қызметтік көлікте бұл әйел мен тағы бір ер адамды неліктен қағып кеткенін түсіну керек. Біздің өтінішімізден кейін бір ғана куәгерден жауап алынды", -  еді жәбірленушінің адвокаты.


Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Тергеу құпиясына сілтеме жасай отырып, ведомствода не себепті жанжал болғаны айтылмады.


"Қазіргі таңда азаматтың өтініші бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімінің полицейіне қатысты Шымкент қалалық ОҚБК қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Бұл факті полиция департаменті басшылығының бақылауында", – делінген хабарламада.


Жәбірленуші материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етпейді. Тек іс бойынша әділдік пен шынайы тергеуді қалайды.