Ішімдікке салынған әйелдің үйінен мауглиге айналған балалары табылды

702

Алматының Медеу ауданындағы пәтерлердің бірінен «Маугли-балалар» табылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Құжаттарға сәйкес, екі бала 2016 жылы, олардың бауыры 2020 жылы дүниеге келген. Көршісі айтқандай, балалар адам шошырлық жағдайда өмір сүрді: олар тұратын пәтерде қоқыс пен адам нәжістері толып жатыр. Сондай-ақ, көршісінің айтуынша, кенже баланың киімі мүлдем болмаған.


Сонымен бірге, балалардың ең кішісінде аутизм спектрінің ауытқуы (АСА) болуы мүмкін екені анықталды.


«Олардың тәрбиесімен айналысу керек, ол өте арық, егер бірдеңе дұрыс болмаса, басын қабырғаға соғады, содан кейін қолымен ұрады. Өкінішті, оның туылғаны оның кінәсі емес, ең болмаса оларды шомылдырып отыру керек қой», - деп шағымданды көрші әйел.


Бірнеше күн бұрын үш бала да Алматыдағы қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізілді. Ол жақта да мекеме қызметкерлері бұл жағдайды көріп жаға ұстады.


Орталық қызметкерлері балалардың анасының ішімдікке салынғанын, қазір ол емделуге жіберілгенін хабарлады. Әкесі олармен бірге тұрмайтын көрінеді.


"Балалар қараусыз, баспанасыз қалды. Қамқоршылық қызметкерлерінің түсірген суреттеріне қарағанда, балалардың жағдайы мүшкіл. Оларды көшеге шығармаған сияқты, сол уақытқа дейін олардың қалай өмір сүргенін білмейміз. Келесі күні тексеру кезінде кішкентай баланың аутизммен ауыратыны анықталды. Қазір біз барлық инстанцияларға, емханаларға жүгіндік, невропатологтарды шақырдық, оны тексеру үшін психиатр мен терапевтке жолдама бердік», - деді балаларды қолдау орталығының директорының орынбасары Нұргүл Елібаева.


Оның айтуынша, балалар бейімдеу орталығында алты айға дейін бола алады. Әрі қарай олардың тағдырын құқық қорғау органдары мен сот шешеді. Тіпті, егер ол түзелу жолына түссе, олар анасына қайтарылуы мүмкін.