Басшыға дін керек емес, қажылықта тайраңдап жүргенін құптамаймын - Серік Хасенов

431

Қоғам белсендісі, журналист Серік Хасенов желідегі жазбасында Тоқаевтың қажылыққа барғанын құптамайтынын айтты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агентігі  Адырна сайтына сілтеме жасап.

"Қажылық - басшы үшін халқымен бірге жүріп өткен жолы" деп жазды ол өз сөзінде.


"Бізді өзге ұлыстан қасиет пен жоғарғы күш іздеген басшы жақсылыққа апармайды.
Оның діні - өз халқы болуы керек. Өйткені дін - сенім. Өз халқына сенбеген басшыдан не күтуге болады...
Құран - Отаныңның Конституциясы...
Қағба - сенің қара тасың. Қанша адам шын ниетпен келсе, соншалықты мәнің ашылады.
Мінәжәт - халқыңа істеген жақсылығың.
Күнә - халқыңа істеген қиянатың.
Сауап - халқыңа істеген жақсылығың.
Жұмақ - басшылықтан кеткеннен кейін халқыңның арасында емен-жарқын жүре алуың.
Тозақ - халқың түгіл өз еліңде емделе алмай сыртқа қашуың. Қария болып көшеде бір балаға жүзің жарқын күліп амандаса алмауың.
Мүңкір мен Нәңкір - келер ұрпақ. Сұрақтың астына алатыны сөзсіз...
Жебірейіл - сенің кеңесшілерің, командаң. Олардың кеңесі сенің аузыңмен халқыңа жетеді.
Әзірейіл - сенің халқың. Істеріңе байланысты саясида, тұлғалықта өлімің осылардың қолында.
Микаил - тәуелсіз сот. Бұлар басшыға сатылған күні мейірімділік пен әділдік қоғамнан жоғалады.
Исраил - бұл БАҚ. Мәңгілік Ел осылардың "сырнайына" тікелей тәуелді...
Басшыға басқа дін керек емес. Оның діні халқы болуы керек...
"\

Сонымен қатар Серік мырза: "Ораза, намаз тоқтықта" деген сөз бар қазақта. Еліміз мына аласапыран шақты өткеріп жатқанда, басшының қажылықта тайраңдап жүргенін құптамаймын! Әр адамның құдайы жүрегінде. Елдегі жемқорлармен күресу, әділ қоғам орнату кез келген басшы үшін Құдай алдындағы ең сауапты іс..." деді жазбасында.