Жанармай бағасы 250 теңгеге жетіп, тұрғындар тапшылық көруде

260
Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданында соңғы жылдары жанармай тақырыбы шешімі табылуы қиын, бас қатырар мәселеге айналып кеткен, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 




Тұрғындар мұны бағаны қасақана көтеру деп қабылдап жатыр. Себебі, әу баста 182 теңге деп тұратын колонкада жеме-жемге келгенде бір литрін 200 теңгеден түсірмей сатып жатқан көрінеді. Аудан тұрғыны Ерболат Тұрысбек мұны растап, дәл осындай жағдай көршілес Ақсуат ауданында да байқалатынын айтты.

Шынтуайтында, 200 теңгеден сатуда. Әкім қаралардан сыбайластықтың лебі еседі, халықты қанап отыр. Жұрт керең немесе соқыр емес. Егер осылай жалғаса берсе, тиісті орындарға барып, шағымданудан басқа амал жоқ. Әлде, көтерілу керек пе? – деді ол.


Көбінің айтар уәжі басқа аудандарды мысал етумен қабысады. Себебі, іргесіндегі Зайсан ауданында бір литрі 182 теңгеден тұрақты түрде сатылып жатыр. Ал Тұғылда 215 теңге. Тұрғындар  бағадағы 20-30 теңге айтарлықтай сезіледі дейді. Бір ауылда қымбатшылық байқалса, Ақжарда жоқшылық көрініс берді. Осы ауылдың тұрғыны Жарас Тұрысбеков жанармай бекеттеріне бірнеше күн үздіксіз барғанын жеткізді. Дегенмен бензин бітіп қалған.

Бағаны тағы көтеретін ойлары бар. Жанармайға қаңсыған көліктер күнделікті қаз-қатар тізіліп тұрады. Тек арасында ілдебайлап, бір тоннадан ғана береді. Ал аудан орталығында жеті мың халық бар. Сырттан келіп-кетер басқа көліктерді қоссақ, жағдай тіптен ушығады. Бұл әрекет әдейі істелініп отыр. Кейбірі шарасыздан 100 шақырым жердегі Боғасқа барып бензин құяды, – деді.


Жалпы, осы түйткілдің талай адамды тығырыққа тірегені туралы  әлеуметтік желіде бейнежазба таралған болатын. Соған назар аударсақ, жанармай бекетіндегі касса қызметкерінің "Бензин Жаңа жылдан кейін болады" деп салқын тіл қатқаны бар. Көп пікірге сүйенсек, тұрғындар бір аптадан астам уақыт жанармай таппай жүр. 

"Ендігіде мұндай мәселе қайталанбайды"
Әкімдік мәселенің барын растап отыр. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшылығы мұның бірнеше күнде шешілетіндігін айтты. 

Аудан көлемінде үш жанармай бекеті бар. Екеуінде бензин бітіп қалды. Қазір Ақжар мен Тұғыл ауылдарында бір-бір жанармай құю станциясы істеп тұр. Жанармай бекеттеріне бензиннің кешіктіріліп жеткізілуінен осындай мәселе туындаған. Баға өзгеріссіз қалмақ. Ендігіде мұндай мәселе қайталанбайды, – деді Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ілияс Серікұлы.


Әкімдіктегілер осылай дегенімен, жанармай құю станцияларының бірінің иесі бензин бағасы әрі қарай өсуі ықтимал екенін айтты.

 Бір аптадай болды, станциямда бензин таусылды. Негізі жанармайды Павлодардан алдырамыз. Тікелей зауыттан емес, ортада тағы бір компания бар, солар жеткізіп береді. Бензин тапшылығының себебі немен байланысты екенін сол жеткізушілерден сұраймыз. Олар бағада өзгеріс болуы мүмкін дегенді алға тартады. Негізі, қымбатшылық алдында осындай жағдай жиі қайталанады, – деді Әсел Батырғалиқызы.


Сайып келгенде, әкімдік аталған мәселе төңірегінде тұщымды ешнәрсе ұсынбай, жағдайдың нақты шешімі туралы түк айтпады. Есесіне, тарбағатайлықтар ұсыныс білдірді. Олардың сөздерінше, егер бұл өңірде Qazaq Oil ссияқты ірі жанармай құю желілерінің бекеті ашылса, мұндай ырду-дырду болмас еді. "Біздің өңірде неге бәрі керісінше? Қолдан қымбатшылық жасап отырған үш кәсіпкерге неге ешқандай шара жоқ?" деген аудан белсендісі Сұңғат Демесінов бір аптадан бері бензин тапшы болса да, әкімдіктің әрекетсіздігіне қайран қалды.