Дәрігер баланы сүндеттеу кезінде жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп тастаған

694

Павлодарда 5 жасар бала сүндеттеу кезінде жыныс мүшесінен айырылған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Баланың анасының айтуынша, олар баланы 23 тамызда сүндеттеу үшін облыстық ауруханаға әкелген. Бірақ, қалыпты саналатын процедура жоспар бойынша өтпеген, дәрігер баланың жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп алып тастаған, зәр шығару каналы зақымдалған.


Ата-ана бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде мәлімдеді. Айтуларынша, бөлім меңгерушісі дәрігердің қателігін мойындаған.


Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайына қатысты қазірше түсінік бере алмайтынын хабарлады. Аталған факті бойынша комиссия құрылып, қызметтік тексеріс басталған. 5 жасар баланы тәжірибелі дәрігер сүндеттегені белгілі болды.


"ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Павлодар облыстық департаментіне осы жағдай бойынша жоспардан тыс тексеру бастау үшін хат жолданды. Осы отаны жасаған маманның 13 жылдық қызмет өтілі бар, сондай-ақ "Балалар хирургиясы" мамандығы бойынша бірінші біліктілік деңгейі бар. Қазіргі уақытта дәрігер ота жасаудан шеттетілді", – делінген хабарламада.


Қазіргі уақытта бала Астанадағы Ана мен бала орталығының урология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер баланың жағдайын тұрақты деп бағалауда.