Полиция мас күйде көлік жүргізді деп күдікке ілінген экс-депутатты таппай жатыр
Ақтөбеде мас күйінде көлік жүргізді деп айыпталған қалалық мәслихаттың экс-депутаты Сәния Мұратованы сотқа мәжбүрлеп әкелу міндеттелгенімен полиция таппай жатқанын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгін Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ішімдік ішкен күйінде көлік жүргізді деп айып тағылған экс-депутатқа қатысты істі тағы да кейінге шегеруге мәжбүр болды. Сәния Мұратова сотқа келген жоқ. Сотқа қатыспау себебін түсіндіретін құжат тапсырмаған. Сот залында айыпталушының полиция тоқтатқан сәттегі видеосы көрсетілді.
Полиция қызметкерлері облыста іздеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткі және уытқұмарлық масаң күйде басқару" бабымен қаралған іс сотқа 20 қыркүйек күні түсті. 21 қыркүйек қыркүйек күні сағат 11:50-де WhatsApp желісі арқылы қарау туралы ұйғарым шықты. Бірақ сот күні Сәния Мұратова байланысқа шықпаған. Сот кабинетінде сот отырысына қатысуы үшін айыпталушыны күштеп әкелу туралы ұйғарым шықты.
Еске салсақ, осыған дейін Сәния Мұратоваға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" бабымен алты айға көлік жүргізу құқығынан айырды. Оған дейін депутаттық мандатынан айрылды.