Қазақстан Парламентінде депутаттар цифрлық көмекшіні пайдалануы мүмкін,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа технология заңдарды және керек ақпаратты тез табуға көмектеседі. Бұл туралы Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов айтты.
Бүгін Сенатта "Парламент жұмысындағы цифрландыру" тақырыбындағы семинар өтті. Жиында Hellenic OCR Team компаниясының негізін қалаушы Фотиc Фитсилист Қазақстан Парламентінің жұмысы цифрландырылатынын айтты.
"Біздің компания цифрлық ассистентті, яғни көмекшінің қызметін ұсынады. Оны депутаттар да, Парламент құрлымындағы бөлімдер де, палата төрағасы да еркін пайдалана алады. Канада, Аустралия, Бразилия, Аргентина және Еуропа парламентінде және басқа да елдерде заманауи бағдарламаларды енгіздік. Қазақстан да біздің желіге қосылады деген үміт бар. Біздің жұмыстың басым бөлігі цифрландыруға арналған. Заманауи технология шығындарды азайтуға ықпал етеді", - деді Hellenic OCR Team компаниясының негізін қалаушы.
Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов шетелдік сарапшының сөзін растады.
"Біз әлі (жобаға - еск.) керек қаржыны есептемедік. Менің ойымша, (цифрлық көмекшіні енгізу - еск.) қымбатқа соқпайды...", - деді ол семинардан соң.
Директор цифрлық көмекші депутаттардың жұмысын жеңілдетуі мүмкін екенін айтты.
"Жаңа технологиямен танысып, "Парламентаризм институты жабыла ма?" деп шошып кеттім. Парламенттің (жұмысында - еск.) ақпарат өте көп. Сондықтан адами фактор сақталады. Мұнда тек жұмыс жақсарады. Цифрлық көмекші технологияны игеруге көмектеседі. Қайталап айтайын, мұнда ақпараттың көлемі өте үлкен. Бізде көптеген заң бар. Оларды табу кейде қиынға соғады. Дәл осы технология жауапты тез табуға көмектеседі", - деді Қанатбек Сафинов.
Сөз соңында ол жобаға қашан іске қосылатынына тоқталды.
"Әрине, біз (цифрлық көмекшіні енгізуді - еск.) ұзаққа созбауға тырысамыз. Алайда мәселені талқылаймыз. Жаңа технологияны, жаңа велосипедті ойлап таппай, жұмыс істеп тұрған жақсы технологияны енгізу маңызды. Менің ойымша, (цифрлық көмекшіні енгізу - еск.) шамамен жарты жыл немесе бір жылдай уақыт алады", - деді директор.