Біржолғы төлемдердің ең төменгі шегі бекітілді

1 521

Фото: ©depositphotos.comЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәслихаттардың шешімдері негізінде азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жұмысының аралық қорытындыларын шығарды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәслихаттардың шешімдері негізінде азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жұмысының аралық қорытындыларын шығарған. Мәселе еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

“Қазіргі таңда өңірлерде әлеуметтік көмектің түрлері мен көлемі әртүрлі бекітіледі, бұл ең алдымен жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты. Осыған орай Үкімет біржолғы төлемдердің ең төменгі шегін белгіледі. Енді мерекелік және атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері 2,5 айлық есептік көрсеткіштен төмен болмауы тиіс”,- делінген ақпаратта.

Еңбек министрлігі табысы төмен азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшері енді тікелей ең төменгі күнкөріс деңгейімен байланыстырылатынын мәлімдеді.

“Бұл көрсеткіш республикалық бюджет туралы заңмен бекітіледі. Соған сәйкес күнкөріс деңгейі артқан сайын әлеуметтік көмек көлемі де автоматты түрде ұлғайып отырады”,- делінген хабарламада.

Әлеуметтік көмектің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның түрлері, көлемі мен көрсету шарттары кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп, "Е-Собес" ақпараттық жүйесіне енгізілуде.  Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманованың айтуынша, мәслихат шешімдеріне өзгерістер енгізу жұмыстары аяқталуға жақын. Қалалар мен аудандардың басым бөлігінде тиісті шешімдер қабылданған. Министр қалған өңірлерде мәслихаттардың шешімдерін қабылдау барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Министрліктің мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтары зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзіне айналуға тиіс. Бұл қаражатты кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайды. Әсіресе, зейнетақысы мемлекеттен төленетін базалық төлем мен өздерінің жинақтарына негізделетін жас қазақстандықтар үшін бұл маңызды.