Қарағанды сотында «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты 45 іс қаралып жатыр

1 505

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қатысты 45 азаматтық іс қаралып жатыр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


2023 жылдың 25 қаңтарында экономикалық сотта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты талап арызы қаралған. Істі судья Рафаил Дурдыев қарады.


Қарағанды облысының экология департаменті 2022 жылдың 24 тамызында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның күл-қож жинағышына (золошламонакопитель) жоспардан тыс тексеру жүргізген. Талап арызда күл-қож жиналатын аумақты жою және қалпына келтіру жобасы жоқ екені көрсетілген. Бұл ҚР экологиялық кодексінің 350-бабының 16-бөлігінде көрсетілген талапты бұзады. Заңға сәйкес, қалдықтар полигонының жобасында оны жабу, жерді рекультивациялау, қоршаған ортаға әсер етуіне мониторинг жүргізу және полигон жабылғаннан кейін ластануды бақылау үшін тарату қорын құру керек. Тарату қоры болмаса, қалдықтар полигонын пайдалануға тыйым салынады.

Соның негізінде талапкер соттан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ күл-қож жинағышының қызметін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғанға және рекультивациялау жобасын әзірлегенге дейін, уақытылы аударылмаған қаражатты өтеп, тарату қорын құрғанға дейін тоқтатуды сұраған, - делінген сот кабинетіндегі ақпаратта.


«АрселорМиттал Теміртау» АҚ өкілі талап арызды қанағаттандырмауды сұраған. Компания күл-қож жинағыш қызметін тоқтату комбинаттың қызметін тоқтатуға әкелетінін алға тартқан.


Айта кету керек, бұл жағдайда департамент «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметін толық тоқтатуды сұрамаған.


Сот шешімімен Қарағанды облысының экология департаментінің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қатысты талап арызын қанағаттандырды. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтар реттелгенше компанияның күл-қож жинағышы қызметі тоқтатылды.


«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дан жергілікті бюджет кірісіне 1 532 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндіріп алынды.


Айта кетейік, 2023 жылдың 8 маусымында Парламент мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Теміртауға барды. Сол кезде депутаттар металлургия комбинатына барған, ішінде күл-қож (күл шлам) жинағыш учаскесіне де барған. Соған қарап бұл аумақтың қайта іске қосылғанын аңғаруға болады.


2023 жылдың 2 қазанында Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «АМТ» АҚ-ға талап арызы бойынша апелляциялық шағымды қарады.


ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қатысты қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құралдарды пайдалануын тоқтата тұру туралы талап арызбен сотқа жүгінген.