Сыр өңірінің облыс әкімі мен қала әкімі өз таңдауларын жасады
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Асылбек Шаменов №263 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күні Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды.
2022 жылғы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерден кейін Мәжіліс депутаттарының 70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтерден сайлану жоспарланған болатын.
2023 жылдың 20 қаңтарында елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлауды тағайындауға, күнтізбелік жоспарды бекітуге, сайлау құжаттарының нысандарын белгілеуге қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың сөзінше 2023 жылғы 1 қаңтар санағы бойынша Қазақстанда белсенді сайлау құқығы бар 11,976,406 азамат бар екендігі мәлім болған.
Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауы еліміздегі саяси реформалардың жалғасы. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті» деп атап өткен.
Бүгінде жан-жақты саяси жаңғыру процесі жүйелі түрде жүруде. Былтыр наурыз айындағы Президент Жолдауында оның бағыт-бағдары айқындалды. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, ауқымды реформалар жүзеге асты.
Халқымыз референдумда Ата Заңға өзгерістер енгізуді қолдап, дауыс берді. Ұлттық құрылтайда маңызды мәселелер талқыланып, ел бірлігін нығайтатын тұжырымдар ұсынылды. Парламент пен мәслихаттарды жасақтау тәртібі өзгеріп, Конституциялық Сот құрылды. Президент және Сенат сайлауы өтті.
«Бүгін – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы айтулы күн. Сайлауда әрбір азаматтың дауысы маңызды. Бұған дейінгі саяси науқандарда ел келешегі жолында бірлік танытқан жерлестеріміз осы жолы да өз таңдауын жасайтынына сенімдімін», - деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, аймақта 373 сайлау учаскесі және 486 002 сайлаушы бар.