18 жастағы жігіт жоқ пәтерлерді жалға берген

1 514

Фото:zhaikpress.kzАлматыда әлеуметтік желіде жоқ пәтерлер туралы жалған хабарландыру жариялап, азаматтарды алдап келген 18 жастағы алматылық анықталып, құрықталды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Полицияның мәліметінше, ол жалға берілмейтін, ойдан шығарылған пәтерлер туралы хабарландыру жариялап, қызығушылық танытқан азаматтардан алдын ала төлем, кей жағдайда толық жалдау ақысын алған.

«Қазіргі уақытта оның заңға қайшы әрекеттерінің кемінде 30 эпизоды анықталды. Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деп хабарлады полицейлер.

Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан тұрғындарды онлайн мәмілелер кезінде сақ болуға шақырды.

«Күдікті жолға қойылған схема бойынша әрекет етіп, азаматтардың сенімін теріс пайдаланған. Біз жәбірленушілердің толық шеңберін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатырмыз», – деді ол.

Полиция пәтер жалдау кезінде тексерілмеген хабарландыруларға сенбеуге, алдын ала төлем жасамауға және келісімшартты ресми түрде рәсімдеуге кеңес береді.