Қайтарымсыз грант алған кәсіпкер шағын наубайхана ашты
Бүгінде Қармашы ауданында кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Осылайша адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Соның бірі Төретам кентінің тұрғыны – Бибігүл Жылкелдиева. Ол бүгінде шағын наубайхана ашып, нан өнімдерін жергілікті халыққа ұсынуда.
«Жас келсе, іске» демекші, ерінбеген адам табыстың көзін табады. Бибігүл бойындағы жастық жалынын жұмысқа, кәсіпке қарай арнағанды жөн көреді.
Бала күнінен анасының тәтті тоқашына үйреніп өскен оған бұл іс еш қиындық туғызбай, керісінше одан әрі дамытуды ойлайды. Өткен жылы бизнес-идеялар негізіндегі мемлекеттік «Ұлттық жоба» шеңберінде грантқа қатысып, қайтарымсыз қаражат алады. Алған қаражатына қажетті құрал-жабдықтарын алып, вокзал маңындағы шағын дүңгіршек пен жанындағы 2 бөлмелі жерді наубайхана қылады. Содан бері шағын кәсібін дөңгелетіп, кент тұрғындарын тәтті нанмен қуантып отыр.
"Өзім біраз уақыт жұмыссыз отырдым. Үйде қарап отырмай кондитерлік өнімді өздігімнен үйрендім, қыздарыма да үйреттім. Сол уақыттан бері түрлі тәттілерді пісіріп, тапсырыс қабылдап жүрдім. Былтыр Бибігүлім «Кәсіп бастайық, тәуекел етейік» деген тілегіне ата-ана ретінде қолдау көрсетіп, қызымыздың бастамасына қуана келістік. Жолдасым Серікбай қазірде зейнеткер. Осы нан өнімдеріне қажетті заттарды алып көмектеседі. Өзім 4 баланың анасымын. Ұлым Талғат Байқоңыр қаласында жұмыс істейді. Индирам биыл Астанадағы ЕҰУ оқуға түсті. Кенже қызымыз Іңкәр 2 сыныпта оқиды", – дейді анасы Марзия апай.
Қазір қалада болсын, ауылда болсын, азық-түлік дүкендері мен сауда орындарының ішінде сұранысқа ие тауарлардың бірінші тізімін күнделікті тұтынатын нан және нан өнімдері құрайды. Ал сапасы жоғары нан-тоқашқа тұтынушылар тарапынан сұраныс күннен-күнге артып келеді. Себебі таңертеңгілік күйбің тіршілікпен таңғы ас ішіп үлгермегендер осындай тәтті нанмен жүрек жалғап алады.
Наубайхана өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбеюде. Ең бастысы, дайындалған өнім сөреде тұрып қалмайды. Ал баға – қолжетімді, сапа – көңілге қонымды. Кәсіп қылған адам қашанда жетістікке, мақсатына жетеді. Оны көзімізбен көріп келеміз. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны.
Нан өнеркәсібі — тамақ өнеркәсібі саласы; нан тағамдарын жасап шығарады.
Қазақстанда 1930-шы жылдарға дейін нан ұсақ наубайханаларда пісіріліп келді, нан пісірудің барлық процесі қолмен жасалды. Жартылай механикаландырылған пешпен жабдықталған тұңғыш нан зауыты 1930 жылы Өскеменде салынды. 1941 жылы Алматыда нан зауыттары пайдаланылуға берілді. 1960 жылдан барлық облыс орталықтарында және ірі өнеркәсіпті қалаларда конвейерлі пешпен жабдықталған және ұн сақтау қоймасы бар нан зауыттары салына бастады.
Нан зауыттарындағы нан пісіру процестері толық механикаландырылған. Қамыр арнаулы қамыр илеуіш машинада даярланады. Пісірілетін нанның түріне байланысты қамыр даярлау да түрлі-түрлі болады. Мысалы, тоқаш пісірілетін қамырға ашытқыдан басқадай қосымша тағамдық заттар араластырылады. Қамыр күлшеленіп арнаулы табаларға салған соң оның бетіне жұмыртқа не крахмалды су жағылады.
Қажетті дәрежеге дейін ашыған соң, қамыр 200-300°С-тық пешке салынады. Пештен алынған нан температурасы 30-40°С-қа дейін төмендегенше суытылады. Осыдан кейін нанның сапалық көрсеткіштері тексеріліп, сауда орындарына жөнелтіледі.