Қызылордада қаржы пирамидасын ұйымдастырған әйел 26 млн астам шығын келтірген

1 549

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Chia-Tai-Tianqing Pharmaceutical» қаржы пирамидасының  құрылымдық бөлімшесін басқарған күдіктіні қамауға алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Облыс орталығында тұратын 1992 жылғы А.П есімді азаматша қала аумағында 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуір айы аралығында қаржы (инвестициялық) пирамидасын құрған.


«Ол тартылған қаражат арқылы қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке, заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыны басқалардың жарнасы есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастырған. Сол сияқты қаржылық пирамиданың құрылымдық бөлімшесіне басшылық етіп, ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасаған», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті.


Азаматшаның 24 салымшыға жалпы 26 130 190 теңге көлемінде аса ірі мөлшерде мүліктік залал келтіргені анықталды.  Аталмыш компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берген.