Үй кезегінде тұрған 232 мың қазақстандық тізімнен шығарылады

1 548

Қазақстанда баспана кезегінде тұрған 646 мың азаматтың 232 мыңы кезектен шығарылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Мәжілістің жалпы отырысында министр ендігіде баспанаға кезекке тұру тәсілдері өзгеретінін айтты. Сондай-ақ, кезекте тұрған кейбір азаматтардың не себепті кезектен шығарылатынын түсіндіріп берді. 


Министр Шарлапаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын мәжілістің бірінші оқылымында таныстырды.

 "Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Отбасы банкінің интернет-ресурсында тізімдер жарияланып отырады. Бұған қоса тоқсан сайын 1 рет инвентаризация жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес инвентаризация жұмыстарын әкімдіктер жылына бір рет жасайды. Қазіргі таңда біздің министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп кезекте тұрған азаматтарға заңнама талаптарына сәйкестігі бойынша талдау жасады", - деді Қанат Шарлапаев.

Алдын-ала мәліметтерге сәйкес 646 мың кезекте тұрған азаматтан 232 мыңы кезектен шығарылады. Министрдің айтуынша,  96,1 мыңы – соңғы 5 жылда тұрғын үй болған, 533 - ҚР азаматтығы жоқ, 91,4 мыңында – тіркеу орны (тіркелу) кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мың – тіркеусіз және 15,6 мың – қайтыс болғандар.


“Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді. Бүгінгі күні әкімдіктер бізбен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті. Биылдың 1 тамызынан осы күнге дейін 21 607 адам кезектен шығарылды", - деді Қанат Шарлапаев.