Түркістанға ерекше мәртебе беріле ме?

1 503

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы жуықта Парламентке енгізіледі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Әкімнің айтуынша, ол жобаны бүкіл Түркістан халқы күтіп отыр.

«Былтыр президентіміз облысқа жасаған сапарында Түркістан рухани, тарихи орталық болуға лайық екенін айтып, ерекше мәртебе беру керек деген ұсыныс айтты. Сол ұсынысты жұмыс барысына алып, қазір арнайы заң жобасын әзірлеп, орталыққа ұсындық. Яғни, орталық мемлекеттік органдар қарап жатыр. Негізінен келісімін алдық. Жақын арада біз оны Үкіметтің келісімімен Парламентке енгіземіз. Жалпы Түркістан ең көне қалалардың бірі екенін білесіздер. Сол жерде UNESCO-ның тізіміне кіретін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар», – деді ол.

Аймақ басшысы Түркістандағы тарихи орындарды осы қалыпта сақтап, келесі ұрпаққа жеткізу бүгінгі буынның міндеті екенін еске салды.

«Сол себептен де ерекше статус берілуі, былайша айтқанда, қосымша мүмкіндіктер береді. Бізге әртүрлі шешімдер қабылдап, тиісті шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл қаланың рухани және мәдени дамуына серпін береді. Кесенені, құрылыстарды реттеу керек. Түркістан қаласының өз стилі болуы тиіс. Осыған байланысты құрылыс жөніндегі кеңес құрылады. Ал қалалық мәслихатқа 65-ке жуық құзыр беріледі», – деді облыс әкімі.