Қоқыс полигонына 20 тонна пияз төгілген
Атырау қаласындағы қоқыс полигонына 20 тоннадан астам пияз төгілгені жайындағы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Анықтау барысында өнім көкөніс егумен айналысатын "Агрофеликс" шаруа қожалығына тиесілі болып шықты. Ал тұрақтандыру қорындағы 5 мың тоннадан астам көкөніс пен басқа да өнімдер қоймада сақталған.
Шаруа қожалығының басшылығы бұзыла бастаған өнімді қоқысқа тастауға пәрмен берген. Қазіргі таңда жұмысшылар қоймада жиналған пиязды сұрыптап жатыр. Шаруашылық басшысының болжамынша, әлі 20-30 тонна өнім шығын болуы мүмкін.
Шаруа қожалығының жетекшісі Енисей Юн бүлінген пияздарды іріктеп, полигонға апарып тастап жатқанын айтады.
Тұрақтандыру қоры "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі.
"Атырау" ӘКК" АҚ департамент директоры Қайсар Құрманәлиев тұрақтандыру қорына 5 136 тонна көкөніс өнімі жеткізілгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, жарамсыз көкөністі жою бұрыннан бар тәжірибе. Тек биыл бүлінген өнімнің мөлшері ауқымды болыпты.