Азық-түлік дүкенінде газ жарылып, екі адам зардап шекті
Түркістан облысы Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында азық-түлік дүкенінде жарылыс болды. Екі адам зардап шеккен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Леңгір қаласында "Ділдә" азық-түлік дүкенінде жарылыс болды. Алдын ала анықталған мәлімет бойынша, жарылыс жерасты газ құбырларынан болған. Яғни, азық-түлік дүкені жерасты газ құбырының үстінде орналасқан. Жарылыс салдарынан өрт шықпаған.
Дегенмен жарылыс кезінде дүкенде болған екі адам зардап шеккен. Олардың бірі 59 жастағы дүкен иесі болса, екіншісі әйелдің 6 жасар немересі. Жедел жәрдем қызметі екеуін де аудандық ауруханаға жеткізген. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратынша, дүкен иесі жансақтау бөлімінде жатыр.
"ҚазТрансГаз" мекемесі қызметкерлері түсірген видеода дүкенде микротолқынды пеш қосылған сәтте жарылыс болғаны туралы айтылған. Төлеби аудандық төтенше жағдайлар қызметкерлерінің мәліметінше жарылыс болған нысанда өрт шығу мүмкіндігі расталмаған.
"Түркістан облысы Төлеби ауданы Леңгір қаласы Күмістөбе көшесінде орналасқан "Ділдә" дүкенінде жарылыс болғаны туралы 8 ақпан сағат 11.57 де хабарлама кеп түсті. Жерасты 108 диаметрлі газ құбырларының саңылауларынан газ ауа қоспасы жарылған", - деп хабарлады Төлеби ауданының ТЖБ.
Оқиға орнына ӨС және АҚЖ 25 қызметкері, 6 техника, ТЖД жеке құрамынан 3 қызметкер мен бір техника жіберілген. Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.