Мұғалімдер заңсыз жолмен біліктілігін арттырған болуы мүмкін: тергеу басталды
Маңғыстау облысында жалған сертификат жасатып, біліктілігін арттырмақ болған мұғалімдердің ісі әшкере болды. Дерекке қатысты қаладағы оқу-әдістемелік орталығының басшылары түсінік берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, білім саласындағы келеңсіздікті Ақтаудағы мұғалімдердің бірі жария еткен. "Сертификат алуға мектеп басшылығы мәжбүрледі" деген ол әр құжаттың кемі 17 мың теңге тұратынын айтты. Заңға қайшы келетін мұндай әрекетті айтқаны үшін азаматтың басы да дауға қалған.
Істің ақ-қарасын ажыратқан өңірдегі "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі сертификаттардың расында заңсыз жолмен алынғанын анықтаған. Жауапты орын Астанадағы оқу-әдістемелік орталығына ресми хат жолдап, тізімдегі 40-қа жуық мұғалімнің біліктілік курсынан өтпегенін білді.
Бұл дерекке қатысты қаладағы оқу-әдістемелік орталығының басшылары түсінік берді. "Мұғалімдер үш жыл сайын біліктілігін арттыруға міндетті және арнайы курстан өтуге тиіс" деген олар біліктілік санатына қарай жалақы төленетінін айтты. Ал курстан өтпеген ұстаздар айлығы аз болады.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, қазір аталған іске қатысы бар деген мұғалімдерден жауап алынып, тергеу басталды. Облыстық полиция департаменті "Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу фактісі бойынша" қылмыстық істі тіркеп үлгерді. Заңға сәйкес, дерек расталған жағдайда азаматтарды 4 жылға бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемде айыппұл арту қарастырылған.