Жомарт Іскендірұлы: Бүгінге дейін жеткен жетістіктерім – нәтижелі жұмыстың жемісі

1 558

Қазалы ауданын жарықпен қамтамасыз ету саласындағы бір мекеме, бір ұжымда 34 жыл тапжылмастан еңбек етіп келе жатқан бір адам болса, ол – Жомарт Алдашов, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазалы аудандық электр торабы мекемесінде жоғары вольтты желілерді жөндеп қоймай, міндетін мінсіз атқарып жүрген маманды жұмыс басынан кезіктіріп, әңгімеге тартқан едік.


Жомарт Іскендірұлы 1968 жылы Қазалы ауданына қарасты Арықбалық ауылдық округінде дүниеге келген. Мектепті тәмәмдаған соң, Қазалыдағы кәсіптік техникалық училищеде "жол шебері" мамандығы бойынша білім алады.


1987 жылы әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын Астрахань облысы, Капустин яр әскери әуе айлағында өтейді.


1989 жылдың желтоқсанында әскерден келісімен 1990 жылдың қаңтарында 5-ші бригадаға электромонтер болып жұмысқа қабылданады. 3 жылдан соң, қатардағы электромонтердан кезекші монтерға ауысады. Ал, қазір ол сол кезде өзіне артылған жауапты міндетті бүгінге дейін абыроймен арқалап жүр.


Ағаның кезекті кезекшілігі басталған екен. Әзірге жұмыс барысы қалыпты. Осыны пайдаланып, одан "қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыс шаршатпайды ма?" деп сұрадым.



"Басқа мамандықта оқып, дәл осы қызметке орналасуымның өзі бекер емес. Өйткені, бұл маған бұйырған берекелі қызмет. Алғаш нәпақамды осы жерден таптым. Әрбір қиындыққа шыдас бермей, қолымды бір сілтеп кете берер болсам, азаматтығыма сын емес пе?! Нан жеу осы жерден бұйырған екен, онда сынаққа да сабыр қылуды да білу керек", – дейді Жомарт Алдашов.


Ал, ағаның үзеңгілес әріптестері "ол өзіне берілген тапсырманы тиянақты орындап қойған жоқ, оның туған жердің түлеуіне де өзіндік үлесі бар" дегенді айтып, ағынан жарылды. Расында да, Жомарт аға өзіне жүктелген жұмыстың арқасында шаһар шамының үздіксіз жанып тұруы үшін жастық жалыны мен жігерін жұмсаған жан. Қазір елудің алтауындағы ел ағасының тірлігі әлі де тындырымды әрі тинақты.


"Жалпы, кезекші электромонтерлардың жұмысы қарбаласқа толы. Өйткені, олар өндірістік нысандар мен үй-жайлардың, сондай-ақ көшелердің электр энергиясымен қамтамасыз етілуін үздіксіз қадағалауда ұстайды. Егер, ақау не апаттық жағдай орын алса, шұғыл түрде әрекет етіп, аталған жерге барып, қауіпке қарамастан қуаты жоғары желілермен жұмыс істейді. Мұндай қиын жұмыстарға кейіпкеріміз әбден төселген. "Бастапқыда тәжірибеміз аз болды. Бірақ кейіннен Әділхан Қарабалаев, Айжарық Құдасбаев, Дәулет Ідірісов сынды аға-тәлімгерлерден тәжірибе жинақтап, шеберлігімізді шыңдадық. Қазір өзімізден кейінгі толқынға білгенімізді үйретіп жүрген жайымыз бар. Біздің салада қолдың икемділігі мен жүректілік, шапшаңдық пен ақыл ауадай қажет. Бойыңда осы қасиеттер бар болса, жұмыстың ауырлығы жоқ. Ешкім туа сала кәсіби маман болмайды. Бәрі уақытпен келетін дүние. Бастысы, адам қара басын күйттемей, қоғамға да өзіндік үлес қосуға ұмтылуы керек", – дейді жұмыс десе, жанын беретін Жомарт аға.


Жомарт Іскендірұлы бүгінде жастардың дені мамандық таңдаудан жаңылып, жолын таппай жүргенін алға тартып, жайлы жұмысқа әуес жандарды қиындықтан қашпай, жауапты болуға үндеді.


"Қазір, жастардың көбі жайлы, әрі, жылы жерде жұмыс істесем, жалақым барлығына жетсе деп армандайды. Бірақ, әркім шамасы келетін іспен айналысуы керек деп есептеймін. Алысқа құлаш сермеймін деп, соңында құлдыраңдап барып, құзға құлап кетпеуді ойлаған жөн", – дейді Жомарт Іскендірұлы.


Оның жастарға алаң болуының астарын алыстан іздемедік. Өйткені, кейіпкеріміз өзі де бала тәрбиелеп отыр. Жоғарыдағы сөзін бағамдасам, балаларының болашағын осылайша бағдарлайтын сыңайлы. Жомарт аға жары Шаттық Алдашовамен өмірге бес ұл әкелді. Бүгінде, екі ұлы үйленіп, олардан немере көрді. Екі баласынан туған төрт немересі атасының көз қуанышына айналған. Балаларының ардақтысына айналған азамат екі ұлынан кейінгі қанат қаққан ұлдарын да ұясына қондырудан үмітті.


"Жоғары кернеулі тоқпен жұмыс жасау кез келгеннің қолынан келетін шаруа емес. Оған көзсіз батырлықтан бұрын біліктілік те қажет-ақ. Өйткені, кішкене білместік үлкен қатерге ұрындыруы әбден мүмкін. Бұл мамандықта биіктікті емес, бағананы бағындырып, қателікті қалт жібермеген адам ғана белеске жете алатынын ескерсек, Жомарт аға сақтық шараларын қатаң сақтап, қауіптен қорықпай қызмет еткенінің арқасында сол шынар басына әлдеқашан жетіп үлгерген десек жарасатындай. Бұл сөзімізге оның әр жылдарда үздік қызметкер атанып, түрлі марапатқа ие болғандығы дәлел. Қызметте кездескен қиындықтарға қарамастан еселі еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз: "Бүгінге дейін жеткен жетістіктерім – нәтижелі жұмыстың жемісі. Бірақ, мұндай марапаттан бұрын көптің алғысы бәрінен маңызды", – дейді Жомарт Іскендірұлы.