Сыр бойындағы тарих қоймасы

1 510

Фото: gov.kzӨңір тарихымен бірге жасасып келе жатқан мекемелердің бірі – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Бұл қасиетті орын бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт. Өңірдің мәдениеті мен рухани ордасына айналған облыстық тарихи-өлкетану музейіне биыл 84 жыл.


Бұл облыстың құрылу тарихымен тамырлас кезең десе де болады. Музей Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы ұйымдастыру комитетінің 1939 жылдың 7 ақпанындағы қаулысының шешімімен құрылған. Алғашқы жылдары өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған музей тұрағы 1890-1896 жылы салынған Перовск Қазан – Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болыпты.


1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша музейге екі қабатты үй бөлінді де, 1985 жылдың 7 мамырында өз жұмысын бастайды. Музей орналасқан бұл ғимараттың өзі 1953 жылы салынса да, қалаға көрік беріп тұрған архитектуралық ескерткіштердің бірі.


"Облыстық тарихи-өлкетану музейі – Сыр бойының өткені мен бүгіні жайлы баяндайтын үлкен мәдениет орталығы. Жанында «Ақмешіт» музейі және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы жұмыс істейді.

2015 жылы облыстық музейде реконструкция және реэкспозиция жұмыстары жүргізіліп, жаңа заманауи кейіпке енді. 2014 жылы Сыр елінің жергілікті суретшілері мен қолөнершілерінің шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік беретін тұңғыш көркемсурет галереясы ашылды. Қазақстан Республикасына белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары галерея экспозициясынан орын алып отыр. Қуантарлығы, жергілікті қылқалам шеберлері жұмыс жасайтын шығармашылық бөлмелер де галерея ғимаратында қарастырылған", – дейді музей директоры Сапар Көзейбаев.


Облыс музейлерінің жалпы қоры 157996 экспонатты құрайды. Оның 3010-ы жаңа экспонатпен толықтырылған. Биыл 9997 экскурсия, 748 лекция, 633 көрме ұйымдастырылған. Облыста музейлерге келушілер саны 116064 адамды құрап, 6997 экспонат цифрлық форматқа көшірілген.


"Облыстың 85 жылдығына орай «Жәдігерде бір сыр бар», «Тарихтағы сандар», «Музей энциклопедиясы», «Музей радиосы», «Жас өлкетанушы», «Құнды жәдігер», «Жәдігербаян», «Музей-Тур», «Тарих көмбесі», «Тұлғатану», «Бір әулеттің тарихы», «Тарихтағы сандар» атты жобалар жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда төл тарихымыз бен ұлттық идеологиямызды дүниежүзіне насихаттайтын рухани-мәдени орталықтың қорында 60651 экспонат, 1000-ға жуық әшекей бұйымдар коллекциясы сақтаулы. Мәскеуден арнайы әкелінген 2000-ға жуық құнды археологиялық бұйымдар да сақталған. Сондай-ақ, «Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде табылған археологиялық экспонаттар, соның ішінде сақ дәуірінде алтыннан жасалған әшекей бұйымдарды да осы жерден табуға болады", – деді музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.


Биыл музей қоры еліміздің тарихына ғылыми жаңалық болып енген,  Сыр елінің келешек брендіне айналатын жәдігерлер  «Шірік-Рабат сақ жауынгері» және «Сығанақ ханшайымы»  мүсіндерімен толықты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен «Шірік-Рабат сақ жауынгерінің» реконструкциясы белгілі археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұловтың жетекшілігімен орындалды. Ал «Сығанақ ханшайымының» реконструкциясы – бірлескен жұмыс тобының жасаған қажырлы жұмысының нәтижесі.


Бұл бірегей жәдігерді Орталық Азияны зерттеу халықаралық институты мен Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті мамандарының бірлескен зерттеу тобы Сығанақ қалашағы маңынан тапқан болатын. Оның алғашқы кейпі қазба авторы, Я.Гулямов атындағы археология институтының (Өзбекстан Республикасы) аға ғылыми қызметкері А.Искандеровамен бірлесіп жасалған. Бас сүйегінің негізіндегі графикалық реконструкциясын Ресей ғылым академиясы Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері А.Нечвалода орындады.


Киім үлгілерін Алтын Орда дәуіріне жататын деректер мен қазба жұмыстары барысында табылған материалдарға сүйене отырып Татарстан Ғылым Академиясы А.Халикова атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Л.Макласова жасады. Реконструкция мүсінін және алтын мен қоладан жасалған әшекей бұйымдарын дайындаған Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясы мамандарына өнертану ғылымдарының магистрі А.Назаров жетекшілік етті. Әшекей бұйымдар бойынша ҚР Мемлекеттік орталық музейінің археология орталығының ғылыми қызметкері Н.Төрежанова ғылыми жетекшілік жасады.


Мұнда Санкт-Петербург, Стамбул, Ташкент, Қазан қалаларының баспасынан шыққан сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар сақталуы. Айта берсек, қордағы дүниелерді санамалап бітіру мүмкін емес. Бірақ ерекше атап өтетіндері жетерлік. Соның бірі – шетелдік зерттеушілердің аса қызығушылығын тудырып жүрген артефакт – Жоңғар дулығасы. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларға мерзімделген дулыға – Қазақстанда баламасы жоқ дүниелердің бірі.


Музейде қазір 5 бөлім жұмыс істейді: өлке тарихы, археология және этнография, қор, экспозициялық-көрмелік, экскурсиялық-көпшілік бөлім. Өлкенің тарихы мен табиғатын баяндайтын 11 экспозициялық: «Кіріспе», «Өсімдіктер мен жануарлар», «Қасиетті Қазақстан және археология», «Сыр өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуы», «Өлкеде Кеңес үкіметінің орнауы», «Ауыл шаруашылығының дамуы», «Қызылорда облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында», «Облыстың әлеуметтік саласының дамуы», «Мәдениет және өнер», «Этнография», «Тәуелсіз Қазақстан» залы бар. Мұндағы құнды деректер ғасырлар тарихынан сыр шертіп қана қоймай, бүгінгі күннің мұраларымен ұштасып жатыр.


Аймақта қадым заманнан келе жатқан қос тарихи ғимарат бар. Ішіне енсеңіз, түрлі жәдігерлердің көмбесіне куә боласыз. Ол – С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы мен «Ақмешіт» музейі. Бұл екі ғимараттың бірі – әскери комиссариат болса, екіншісі – 1917 жылы әскери казарма ретінде пайдаланылған. Уақыт өте келе нысандар жаңа кейіпке еніп, көпшілік тамашалайтын мәдени ошаққа айналды.


Облыс басшыларының тікелей қолдауымен 2014 жылы тарихи ескерткіштер тізіміне енген бұрынғы әскери комиссариат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық музейдің бір бөлімі – Көркемсурет галереясы ашылды. Онда елімізге әйгілі суретшілер Ә.Қастеев, С.Романов, Г.Исмаилова, А.Ғалымбаева, С.Сенчихин, Қ.Қожықовтардың және Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосып жүрген жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылары орналастырылған. Галерея қорында жақын шет елдердің, еліміздің және жергілікті суретшілердің мыңға жуық туындылары сақталған.


Ал «Ақмешіт» музейі – Николай патша заманынан бері келе жатқан, 1905 жылы салынған архитектуралық тарихи мұра. Музей бірнеше залға бөлінген. Бірінші зал – қаланың алғашқы Қамысқала болып негізі қаланған тұстан басталып, Ақмешіт, Перовск кезеңдеріне жалғасады. Екінші бөлімде Орынбордан астананың Ақмешітке көшірілуі, ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, тарихи ғимараттар мен ұлы тұлғаларымыз туралы құндылықтар орын алған. Үшінші зал облыстың құрылу тарихы және аймақтағы өндіріс салаларының дамуынан дерек берсе, соңғысы – зиялы қауым өкілдерінің қонақ бөлмесінің интерьер залы. Онда сол кездегі тұлғалар тұтынған жиһаздар мен мүліктер орналасқан. Сондықтан мұнда жас ұрпақтың өткен тарихты танып-білуіне зор мүмкіндік жасалған.


Жалпы жаһандану заманында мәдени мұраны сақтап, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып отырған облыс бойынша барлығы 14 музей халыққа қызмет көрсетеді. Олар – облыстық тарихи-өлкетану музейі, 7 аудандық тарихи-өлкетану музейі, Қорқыт ата мемориалдық музейі, Қазалы ауданындағы Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейі, Шиелі ауданындағы Н.Бекежановтың мемориалдық өнер музейі және Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі, Қызылорда қалаcының тарихы музейі, Арал қалалық тарихи музейі.


Тағылымды тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі. Сол себепті көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашығындай сақтайтын мәдени орынның бәсі әрқашан биік.