Қызылорданы абаттандыру, көгалдандыру ісі жанданбақ

1 517

Қызылорда қаласы әкімдігінің мәжіліс залында аппарат мәжілісі өтті. Жиынға шаһар басшысы Серік Қожаниязов қатысып, онда күн тәртібіндегі екі мәселе қаралды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Мәжілісте қаланы абаттандыру жұмыстары бойынша Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-нің басшысы Жеңісбек Файзуллаев баяндама жасады.


        Жалпы қаланы абаттандыру жұмыстарына мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, машина және механизм қызметі, брусчатканы ағымдағы жөндеу, қоршауларды жуу мен сырлау, ескерткіштерді, су бұрқақтарын, аялдамаларды, аллея мен скверлерді, Қызылорда қаласының паспорттарын, контейнер алаңдарын, бильбордтарды, ҚР Тұңғыш Президенті саябағын, қаладағы балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары кіретін атап өткен сала басшысы бұл бағытта өткен жылы 646,1 миллион теңге қаржы бөлінгенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыстық бюджет қаражаты есебінен осыдан 4 жыл бұрын бастау алған Ы.Жахаев, Әйтеке би, Бұқарбай батыр көшелері мен орталық стадион аумағын абаттандыру жұмыстары және қаладағы 5 көшеге жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізіліп, облыстық бюджеттен осы жұмыстарды толығымен аяқтауға 237,0 миллион теңге қосымша қаржы бөлінген. Бөлім басшысы қазіргі таңда аталған жобалардың ішінде Әйтеке би көшесі және қаладағы 5 көшені жарықтандыру жұмыстары толығымен аяқталғанын мәлімдеді.


– Былтыр «Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесін Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін абаттандыру жұмысы» жобасы бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынып, жалпы сметалық жоба құны 1 741,7 миллион теңгені құрады. Конкурстың нәтижесі бойынша «ТехоснасткаРемсервис» ЖШС жеңімпаз атанып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтады. Сонымен қатар, қаладағы ұзындығы 30 шақырым болатын 18 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін облыстық бюджеттен 690,0 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде келісім шарт жасалған мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС-мен тоғыз көше және «Ақнұр-Авто» ЖШС тоғыз көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, бүгінгі күні жұмыс барысы толық аяқталды. Сондай-ақ, қала аумағындағы 17 көпқабатты тұрғын үй аулаларын күрделі жөндеу үшін облыстық бюджеттен 800,0 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Азамат-Құрылыс» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына облыстық бюджеттен 318,0 миллион теңге бөлініп, жобаның басым көпшілігі абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бағытталды. Соның аясында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша


19 жоба жүзеге асырылды, а – деді жиында баяндама жасаған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-нің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.


Күн тәртібіндегі екінші мәселеде қаланы көркейту-көгалдандыру жайы қозғалды. Өткен жылы қыркүйек айында облыс орталығын көгалдандыру ісі бойынша жаңа мекеме өз жұмысын бастаған болатын. Жаңа бастаманы жүзеге асыруда биыл жергілікті бюджеттен 686,2  миллион теңге қаражат бөлінген.


– «Жасыл-Қызылорда» МКК-ның мақсат-міндеттері қаланы көгалдандыру, гүлдер мен газондар егу, каналдар мен арық жүйелерін күтіп-ұстау, жасыл екпелерді суаруға арналған насостарды күтіп ұстау, талдарды күтіп ұстау, талдарды балақтау, ақтау жұмыстары, талдарды химиялық өңдеу, ұңғымаларды күтіп ұстау болып табылады. Қызылорда қаласындағы Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А.Байтұрсынов көшесіне дейін, Ы.Жахаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру жобасына жалпы сметалық құны, 1,130 миллион теңге бөлініп, мердігер мекеме «Техоснастка-ремсервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша субұрқақтар аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарықдиодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндемелер орналастырылады. Ы.Жахаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады, – деді мәжілісте «Жасыл Қызылорда» КММ-нің басшысы Әжіғали Мампаев.


        Жаңа мекеме тарапынан бұдан бөлек Н.Назарбаев даңғылының аллеялары 2,6 миллион теңгеге, Саламатов көшесі мен Журба көшелерінің қиылысында орналасқан аллеяны 2,63 миллион теңгеге абаттандыру, сондай-ақ, қалада 5,88 миллион теңгеге 6 дана жылы аялдама орнату жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесіне сәйкес мердігер мекеме анықталғаннан кейін жобалар жүзеге асырылатын болады.


        Абаттандыру жұмыстары мұнымен шектелмек емес. Жаңадан құрылған «Жасыл Қызылорда» мекемесінің қарқыны мықты. Қаланың орталық көшелерінен бөлек, аулаларды абаттандыру жұмыстарын да қолға алмақ. Бұл ретте, Әйтеке би көшесi №5, Қазантаев көшесi №31, Айтбаев көшесi №29, Төле би көшесі №114, №137А, №141, №145, №136А, №138Б, Шұғыла шағын ауданы №6, Титов шағын ауданы №28, №31, Сырдария шағын ауданы №1, №2, №3, №4, №5, №6, №14А мекенжайындағы көппәтерлi тұрғын үйлердiң аулалары «ДаренСтрой» ЖШС мекемесімен абаттандырылады. Бұған 4 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Сонымен қатар Әйтеке би көшесi №5, Төле би көшесі №114, №139, Торайғыров көшесі №55, Сырдария шағын ауданы №19, Титов шағын ауданы №28, №30, №31, Мүсірепов көшесі №20, Сол жағалау шағын ауданы №28 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің балалар ойын алаңдарын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5 миллион теңгеден астам қаражат қаралған. Құрылыс жұмыстарын «Авангард ПГС» ЖШС мекемесі жүргізетін болады.


Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру, оның ішінде 15 ойын алаңдарын қайта жаңғырту, орнату бойынша Әбуова 3 укр.квартал 8, Әйтеке би 36,38,42, Ақмешіт 2,3, Бегім ана 10,12,12А, Титов, Жаңақұрылыс 11,15,19,22, Желтоқсан 104А, Ілиясова 18,31, Қоғалы 1,2,3,5, Қорқыт ата 15,17,21, Мерей 4,6, Паримбетов 2,5,29, Токмағанбетов 1,22, Толыбеков 14,45,53, Өсербаева 15,17,17А,21 үйлердің аулаларына жүргізу жоспарлануда. Оған 1 миллион теңгеден астам қаржы қаралуда. Бұдан бөлек 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласын күрделі жөндеу жобасы қаралуда. Оған 2 миллионнан астам қаржы жұмсалмақ.


«Жасыл Қызылорда» мекемесінің басшысының айтуынша, сметалық құны 127,8 миллион теңгені құрайтын қалаға қарасты Тасбөгет кентіндегі 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарын бастауға қалалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, мердігер мекеме «Әлем Транс Жол» ЖШС-мен келісім шарт жасалып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал қалаға қарасты Белкөл кентіндегі Әбдіқадыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін қалалық бюджеттен 62,3 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Мердігер мекемемен шарт жасалғаннан кейін, құрылыс жұмыстары басталатын болады.