Сәрсенкүл Есқалива: Мемлекеттік қызметте жүргенімізбен үйде ана, әже екенімді ұмытпаймын

1 517

Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ғибратты сөз бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Kyzylorda-news.kz.  сайтына сілтеме жасап. .


 Бұл сөздің астары қыз-келіншектердің ер-азаматтармен қатар ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізетінін аңғартады. Қайсар, жан-жақты, алғыр, кәсібіне берілген, білімді де білікті әйелдер біздің ауданымызда да көп. Үй мен түздің тірлігін қатар алып, әрекетінен берекетін тауып, әдеті мен мінезін қалыптастырып, тағдырын жарастырған жанның бірі Қармақшы ауданы, Төретам кенті әкімінің орынбасары – Сәрсенкүл Есқалиева.


Таңдаған мамандығын жан-тәнімен сүйіп, қалаған кәсібіне адалдық танытатын жандар әрдайым өздерін бақытты сезінеді. Әрине, өмірден өз орнын тапқанша түрлі кедергілер мен сынақтардың кездесуі қалыпты құбылыс. Қиындықтарға мойымай, алға қойған мақсатқа жетер жолдағы ауыртпалықтарды еңсере білген адам ғана жеңіске жете алатынын Сәрсенкүл Әлімжанқызының өмір және еңбек жолы дәлелдей алады. 


Қайсар қыз 1964 жылы Қармақшы ауданында  дүниеге келген. Жосалы кеңшарындағы мектепті бітіріп, арман қуып Алматыға аттанады. Ер мінезді, даланың жұмысына бейім болып өскен бойжеткен Алматы ауылшаруашылығы институтына түсіп,  агроном мамандығын алып шығады. Еңбек жолын өзінің туған жері  Жосалы кеңшарында күрішшілер бригадасында механизатор болып бастайды. Одан кейін Жосалыдағы «Мал  азықтық дақылдар өсіру» бағдарламасына сәйкес  «Жігер» комсомол  жастар  бригадасының  бригадирі болып жұмысын жалғастырған. 1989-2001 жылдары кеңшарда күрішші, бригадир, комсомол комитетінің хатшысы, кеңшардың кадр бөлімінің меңгерушісі, 2001 жылдан бастап  аудандық «Казагрэкс» АҚ-ның зертхана  меңгерушісі және 2006 жылы қосымша аудандық  ауылшаруашылық және қайта өңдеу  ұйымдары қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметтерін абыроймен атқарды. Ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай үлес қосқан маманды ауылдың экономикасы мен шаруашылығын дамытсын деген мақсатпен 2008 жылы Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округі әкімі етіп тағайындады. 2009 жылдың көктемінен бастап аудандық ауылшаруашылығы бөлімін басқарса, 2013 жылы Ақтөбе ауылдық округі әкімі қызметін,  кейін «Ақтөбе и К» жауапкершіліг шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарды. Қай ауылда еңбек етсе де сол ауылдың байырғы тұрғынындай халықпен етене араласып, білек сыбана кірісуі – ешкімді жатсынбайтынының, көпшілдігінің көрінісі. 


2015 жылы аудан әкімі аппаратының кадр жұмысы (персоналды басқару) бөлімінің басшысы, 2017 жылы  Қармақшы ауданы, Жосалы ауылдық округінің әкімі, 2020 жылы аудандық ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарса, қазір Төретам кенті әкімінің орынбасары. 

Ер мінезді, үлкен мен кішінің тілін тауып, етене араласа кететін, істің көзін тапқыш Сәрсенкүл Әлімжанқызының қажырлы еңбегін замандастары мен бірге қызмет еткен әріптестері жоғары бағалайды. Бүгінде нәзік жандар түгілі тепсе темір үзетін жігіттердің өзі жолай қоймайтын агроном, күрішші мамандығының қыр-сырын жетік білетін жан мамандығының мақтанышына айналған.  


Сәрсенкүл Есқалиеваның еселі еңбегін оның алған марапатының көптігіне қарап-ақ  бағамдай бересіз. Қызылжұлдыз ауылдық кеңесінің 2 дүркін  депутаты болып сайланса, 1991 жылы ЛКСМ XYII съезінің  делегаты, 1985 жылы БЛКЖО Орталық Комитетінің «Еңбектегі жетістіктері үшін» төсбелгісін иеленген. II дәрежелі «Жас  гвардияшы» төсбелгісі, БЛКЖО Орталық комитетінің және 2005 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған. 


2007 жылы Қазақстан Республикасының  ауылшаруашылығы және қайта  өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің, ІІ және IІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі және әр жылдарда аудан, облыс әкімдерінің, «Аманат» партиясының облыстық, аудандық филиалдарының алғыс хат, құрмет грамоталарына  ие болған. 


«Цай Ден Хак – 100 жыл», Арал  ауданының 80 жылдық мерейтойына орай «Арал – 80 жыл», «Тәйімбет Көмекбаев ауылының  құрылығына –  50 жыл», Ақжар  ауылының құрылғанына – 50 жыл толуына  байланысты  «Социалистік Еңбек  Ері Қасымтай Ізтілеуов» атындағы төсбелгілер мен «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медальдері білікті маманға лайық деп танылған. 


Қызылорда облысы бойынша «Ажар» көшбасшы әйелдер арасында өткізілген байқауға қатысып, «Мемлекеттік басқару» номинациясын жеңіп алса, облыстық саясаткер әйелдер клубы және «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің сертификатымен мадақталған.  Қазақстан  ауыл әйелдерінің І форумында «Ауыл округінің үздік әкімі» номинациясымен, «BIRINSHI» республикалық латын тіліндегі энциклопедияға  енген, сондай-ақ қоғамға қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгісімен де марапатталған. 


Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жан қай іске болсын білек сыбанып кірісіп кетеді. Жасынан көлік тізгіндейді. Бір қарасаңыз көлігіне мініп егіс басында, енді бірде ауылдағы іс-шараның ішінен табылады. Балалары мен отағасының бабын таба білді. Қолда барымен бөлісуге, жанындағы жандарға жақсылық жасауға айрықша ынталы. Басшылық қызметте, ауыл әкімі болып жүрген тұстарда қа¬рамағындағы қызметкерлердің еңбегін ескеріп, түрлі марапатқа ұсынып қуантып жүруді, ауылшаруашылығымен қатар ауыл мәдениеті мен өнеріне, жастар саясатына, кәсіпкерлік саласына қолдау білдіруді, ардагерлер, қоғам белсенділерімен бірлесіп мазмұнды іс-шаралар өткізуді, халықпен жиі кездесіп, мұң-мұқтажын, талап-тілегін тыңдап тұруды әдетке айналдырды. Отбасына қонақ шақыруға келгенде алдына жан салмайды. Көңілі кең, пейілі дархан, қолы ашық, дастарханы жиналмайтын берекелі жан. Еңбегі ерге бергісіз ананың ағамыздың жанында әйел болып наздана қалатыны, еркелей білетін қылығы өзіне жараса түсетін. Әттеген-айы қол ұстасып қатар жүрген, үнемі жігерлендіріп, қолдап отыратын азаматынан ерте айырылып қалғаны. 


"Жақсы адам, мақтаулы маман болуымыз – ата-анамыздың тәрбиесінің арқасы. Жасымнан үйде отырғаннан гөрі даланың жұмысын істегенді жақсы көретінмін. Әкемнің қасынан шықпайтынмын. Ауыл шаруашылығына қатысты көп жұмысты сол кісіден үйрендім. Әңгіме сөз теретін, әйел болып қатар-құрбылармен қыдырып жүретін кезім сирек болды. Таңдаған мамандығыма ешқашан өкінген емеспін. Жолдасым марқұм  өте парасатты жан еді. Екеуміз төрт бала тәрбиелеп, олардан немере сүйдік. Менің алаңсыз еңбек етуіме жағдай жасады. Бәріне түсіністікпен қарайтын, маған сенетін. Мемлекеттік қызметте жүргенімізбен үйде ана, әже екенімізді ұмытпаймыз. Аулада бау-бақша баптап, гүл өсіргенді ұнатамын. Жайқалған жасыл желектің ортасында отыру бір ғанибет қой. Қоғамға пайдамыз тисін деп қолдан келгенше еңбек етуге тырысамыз, әлде де еңбектене береміз", – дейді Сәрсенкүл Әлімжанқызы өз әңгімесінде.