Жұмысы жүйелі Қазалы

1 508

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған Сыр өңіріндегі «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқанына Қазалы ауданының тұрғындары белсенді қатысуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Kyzylorda-news.kz  сайтына сілтеме жасап.




Қазалы ауданы бойынша барлық елді мекенде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, аяқ су арықтары тазаланып, ағаштарды көктемгі қырқу, әктеу, сыртқы қоршауларды бояу, қоқыстарды шығару жұмыстары жүргізілуде.


Туған жердің тазалығы, көркейіп, гүлденуі – баршаға ортақ. Сондықтан, санитарлық-тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына әрбір аудан тұрғыны атсалысуы тиіс.

Бегім ана және Сырым батыр көшелері асфальтталатын болады


Былтырғы жылы аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 15 көше асфальтталып, 23 көшеге қиыршық тас төселген болатын. Мұндай жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табуда. Бүгінгі таңда Әйтеке би кентіндегі Бегім ана және Сырым батыр көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Кеше Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет аталмыш көшелердегі жол жөндеу жұмыстарымен танысты.


Аудан басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы Әйтеке би кентінің әкімі Мұрат Әбсұлтанов пен Қазалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндет атқарушы Жасұлан Сыдықовқа ең алдымен, жол құрылысының сапасына мән беріп, жұмысты үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.


Айта кетейік, Қазалы ауданы орталығындағы екі көшенің де, жол құрылысы жұмыстарымен «Нұрас и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда.


Тұрғындардың назарына!


Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі Қазалы аудандық комиссиясының мәлімдеуінше, өткен жылдың 27 қазанында «Қызылорда облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың қағидаларын бекіту туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2019 жылғы 17 шілдедегі №334 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


Аталған қағиданың 11-тармағына сәйкес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Қазалы ауданы аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға тыйым салынған жерлер тізбесі ұсынылуда.


Өткен 2023 жылы Қазалы ауданында 7 суға кету оқиғасы бойынша бақытсыз жағдайлар орын алды.

Сондықтан, өз өміріңізбен денсаулығыңызды ойлап, үнемі қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз.

Жұмысшы топ Шәкен ауылының тұрғындарымен кездесті

Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов бастаған жұмысшы топ аудан орталығынан шалғай орналасқан Шәкен ауылының тұрғындарымен кездесті.


Жиынға топ мүшелері аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы А.Бөріқұлақов, аудандық ветеринариялық станцияның директоры Б.Әміреев, аумақтық инспекцияның басшысы Б.Достыбай және бірқатар мекеме өкілдері қатысты.


Аталмыш топ аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының алғы шарттарын, жергілікті тұрғындардың шамадан тыс төрт түлік малдары жайылымдық және егістік жерлерге зиян тигізбеу үшін елді мекеннен тысқары жерлерге көшіру, шығару жұмыстарын ұйымдастыруға және салық базасын ұлғайтуға байланысты тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған болатын.


Ауыл халқымен кездесу барысында тұрғындар тарапынан «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық несиелендіру секілді бірнеше сұрақтар қойылып, толықтай жауаптарын алды.


Айта кетейік, жұмысшы топтың түсіндірме жұмыстары алдағы уақытта жалғасатын болады.


«Табиғатты аяла» форумы өтті


Үстіміздегі жылдың 8 сәуір күні №249 мектеп-лицейде «Табиғатты аяла» жас өлкетенушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумының аудандық кезеңі өтті.


Форумға жас өлкетанушылар, экологтар, табиғат зерттеушілер мен жетекшілері қатысты.


Білім алушылар форум барысында қоршаған ортаны жақсартуға арналаған технологиялар, макеттер, үлгілер, волонтерлік жобалар, экологиялық мәселелерге арналған бейнероликтер, әлеуметтік бейнематериалдар және әртүрлі қалдықтардан және қайта өңдеуге болатын материалдар мен пайдаланылған заттардан түрлі бұйымдар, әртүрлі шығармашылық жұмыстар, экологиялық кітапшалардан көрмелер көрсетті.


Кәсіби қазылар алқасы байқау жұмыстарын бағалау өлшемдеріне сәйкес бағалады. Форум қорытындысы бойынша бірінші, екінші, үшінші орын жүлдегерлері мен жеңімпаздар марапатталды.


Облыстық кезеңге жолдама алған оқушылар «Жасыл мектеп» номинациясы бойынша №225 мектептің 10-сынып оқушысы Байсалбаев Ерасыл, «Болашаққа көзқарас» номинациясы бойынша Оқушылар үйінің 9-сынып оқушысы Қожбақ Назгүл, «Үздік Арт-нысан» номинациясы бойынша №100 мектептің 10-сынып оқушысы Қожахмет Нұрила, «Экоблогер» номинациясы бойынша №17 мектеп оқушысы Амангелді Анель, «Идеядан іске асыруға дейін» номинациясы бойынша №204 мектеп оқушысы Яқия Ұлжан көпшіліктен оқ бойы озық көрінді.


Қазалылық директор облыс орталығында өткен додада оза шапты


Жыл басында аймақтың бас ұстазының идеясымен бастау алған облыстық байқау өз мәресіне жетті. Өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларының инновациялық және кәсіби тәжірибелерін анықтау, тәжірибе алмасу, білім беру жүйесіндегі өзіндік кәсіби имиджді қалыптастыру мақсатында өткізілген байқау қорытындысымен “Құндылықтарға негізделген тәрбие үдерісін модельдеу” тақырыбындағы ұлттық құндылықтарды ұлықтаған жобасымен Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің директоры Сматуллаева Элмира жеңімпаз атанды.


Сонымен бірге, М.Матаев атындағы №170 орта мектеп директоры Нұрлан Имашев Алғыс хат иеленді.


Дефектологтар заманауи білім беру ортасын талқылады


Өткен аптада әдістемелік кабинеттің іс-шаралар жоспары аясында, Сәкен Сейфуллин атындағы №165 орта мектепте “Инклюзивті білім беруді цифрландыру жағдайында заманауи әдістер арқылы дамыту“ тақырыбында әдістемелік семинар-практикум өтті.


Семинар барысында «Қазына аралы» тақырыбында Бердікен Мергенбаев атындағы №226 мектеп гимназия дефектологы Садирбаева Лаура және Сәкен Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің дефектологы Қалмырза Айым оқушымен жұмыс, “Инклюзивті білім беруде заманауи жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері” тақырыбында №276 орта мектеп дефектологы Төрекелді Гүлсая және Ыбырай Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің дефектологы Елубайқызы Толқынай “Үй жағдайында балаларды дамытуға арналған жаттығулар жинағы” тақырыбында мұғалім және ата-аналарға арналған заманауи әдіс-тәсілдермен бөлісті. Ал, Максим Горкий атындағы №16 мектеп-лицейдің дефектологы Тәжібай Құралай, «Funny day» тақырыбында оқушыларға арналған сыныптан тыс сағатын жүргізді.


Әр көрсетілген жұмыстан кейін қатысушылар пікір білдіріп, кері байланыс жасалды.


Қазақ тілі пәні ұстаздары сайысты


Жақында Қаныш Сәтпаев атындағы №216 мектеп базасында Қазалы ауданының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері арасында «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің Үздік мұғалімі – 2024» облыстық байқауының аудандық кезеңі өтті. Байқауға еңбек өтілі 3 жылдан 15 жыл аралығындағы 13 мұғалім қатысты.


Сайыс қорытындысы бойынша – бірінші орынды М.Матаев атындағы №170 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Жарылқапова Сания иеленсе, екінші орынды Абай атындағы №90 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қоңқаева Ақмарал ұтып алды. Үшінші орын Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлайым Бозғұланова мен Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ләззат Романоваға бұйырды.


Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгерім Әбдірахманқызы, Ж.Жабаев атындағы №234 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Айдана Ысқақова Алғыс хат иеленді.


Байқаудың облыстық кезеңіне М.Матаев атындағы №170 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Сания Жарылқапова жолдама алды.


Германиялық экспертпен кездесу болды


Қазалы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәлімдеуінше, Қазалы ауданына консалтингтік компания арқылы Германиядан SES эксперт/сарапшы Карл Ханс шақыртылған.


Карл Ханс ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасайтын «Рауан» мектепке дейінгі орталығында ерекше балалармен жұмыс жасау тәжірибесімен бөлісуде.


SES сарапшы шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, қоғамдық және муниципалдық ұйымдарға, білім беру мекемелеріне және халықаралық ұйымдарға қолдау көрсетеді.


Осы ретте, эксперт ауданымыздың кәсіпкерлерімен кездесіп, өзінің әдістемелік көмектерін түрлі бизнес саласында қолдану мақсатымен және тәжірибесімен бөлісіп, іскерлік кездесуі өткізілді.


Көзін тап та, кәсіп қыл


"Көзін тап та кәсіп қыл" дейтін қағидамен өмір сүретін жігіттер Қазалыда көптеп кездеседі. Соның бірі – Алмат Есенаманов. Қазалылық кәсіпкер ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға арналған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтыр бизнес бастаған еді. Оған қажетті құрал-жабдығын алып, кәсібін жүргізуде.


Сондағысы не? Мысалы, өзіңіздің немесе бизнесіңіздің атын қалыптастыру үшін арнайы бренд қалыптастыру қажет екені белгілі. Аяқ киім не, өзге де, бұйым сатып тұрып, оны салу үшін қазір арнайы пакет береді. Әдемі қалташа сыртында өзіңіздің дүкен не, кәсіпкерліктің аты, мекен-жайы, әлеуметтік желідегі сілтемесі көрсетілсе, бұл тіптен, көп мүмкіндік деген сөз. Танымалдылыққа тез ие болу мүмкіндігі ғой.


Соны білген Алмат полиэтиленді және картон пакеттерге сіздің бизнес кәсібіңіздің логотипін басып шығарады. Сонымен қатар, сыртқы жарнаманың түрлері, көлемді әріптер, стендтер, типографиялық қызметтер бойынша сапалы һәм, қолжетімді бағада қызмет көрсетіп отыр.


Бәсекесі аз тіршілікті игеріп жүрген мұндай азаматты тек қолдау керек.


Кәсіпті нәсіп еткен қолөнер шебері


Қазалы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің айтуынша, қазір ұлттық нақышта жасалған бұйымдар үлкен сұранысқа ие. Адамдар, әсіресе эксклюзивті, яғни, өзінің авторлық дизайны бойынша тігілген ерекше, сәнді бұйымдарға қызығушылық танытады.


Тігіншілік пен қолөнер – тиімді кәсіп. Өз ісін, мамандығын сүйетін кейіпкеріміз Айнұр Сүлеймен тек, тігін тігумен шектелмей, қолөнерге қызығатын жандарды осы кәсіпке баулығысы келеді.


Қазақтың төл өнері – қолөнерді дамытып, табысын еселеп отырған жас кәсіпкер қыз шығармашылығын дамытып, мол табысқа кенелуіне сенім мол.


"Сырлы сұхбат"


Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен "Адал адам" жобасы аясында "Сырлы сұхбат" айдарының кейіпкері "Орынбет" ишан мешітінің имамы, Дәрменқұл және Орынбет ишандардың ұрпағы Ғабдулла қажы Іниятұлымен сүбелі де, сырлы сұхбат жүргізілді.


Сұхбаттан кейін аудандық мәдениет орталығының директоры Ғани Хайруллаұлының "Ораза Айт" мерекеге орай құттықтауы мен Алғыс хаты қажыға табысталды.


"Сырлы сұхбат" бағдарламасының сұхбатын, жүргізу сценарийін дайындаған – Гулназ Мнажадинова. Сұхбатты жүргізген – Төлеш Нұрболат. Бейне монтаж операторы – Ғалымжан Кәдірхан.


Жұмысшы топ елді-мекендерді аралады


Қазалы ауданы әкімі М.Шермағанбеттің тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының алғы шарттары, жайылымдық жерлердің жүктемесі, кезек, пада ұйымдастыру және салық базасын ұлғайту жөнінде тұрғындар мен кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында жұмысшы топ құрылып, бірқатар ауылдық округтерде халықпен кездесті.


Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Сейтов бастаған топтың құрамында аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы А.Бөріқұлақов, “Қазалысушар” өндірістік учаскесінің директоры Н.Әбілдаев, аудандық кәсіпкерлер палатасының директор М.Ким, аумақтық инспекцияның басшысы Б.Достыбай, аудандық полиция бөлімі мен ветеринариялық станцияның қызметкерлері бар.


Жиын барысында жұмысшы топ тұрғындардың сауалдарына тұщымды жауаптар берді.


Сонымен қатар, топ жетекшісі әрбір сала бойынша ұсыныстар жинақталып, тұрғындардың сауалдарын тиісті сала заң аясында қарастыратындығын жеткізді.


Жыр-қазына, күй-шежіре


Жақында Р.Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығында "Жыраулар" бөлімшесінің ұйымдастыруымен ауданымыздың жыршы-термешілерімен, күмбірлете күй төккен күйшілердің "Жыр-қазына, күй-шежіре" атты концерті өткізілді.


Шарада аудандық мәдениет орталығының директоры Ғани Хайруллаұлы сөз алып, "Мың жыл бұрынғы саздың, күй мен сарынның бүгінгі күнге жетуінің өзі халықтың ұлттық болмысының биік көрінісі және бұл өнер үлгісінің ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жете береді" – деді.


Сонымен қатар, шараға атсалысып, өнер көрсеткен өнерпаздарды Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыстады.


Концертте Қорқыт ата атындағы аудандық Өнер мектебінің оқушылары А.Сұлтанбековтың "Домбыра" әнін орындады. Жетекшісі С.Бисенбаева.


Қазалы ауданына белгілі жыршы-термешілер – Б.Рсалиев, Ә.Мақсатбаев, Г.Досан, Ж.Құтмаханов, Е.Айдар, О.Балмағанбетов, Ж.Өмірзақ, Айдос Тұрар, М.Оңғаров, Е.Мәдиқызы, Б.Шындәулет, Н.Темірбек, Д.Ерболат, Қ.Айқара, Г.Байқазаққызы өнер көрсетті.


Күйшілер – Балқыз Өмірзақ, Тұрар Сәдуақас, Рүстем Шөмекей, Жарылқасын Даржан, Рамазан Айқожалар күмбірлетіп күй ойнап көрермен қауымға рухани демалыс сыйлады.


Туған өңір – тұнған өнер


Жуырда Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығының жаңа ғимаратында төл мәдениетімізді дәріптеу арқылы ұлылардың ұлы ісін ұлықтау, ұлтымыздың әдет-ғұрпын, туған ел, туған жеріміздің тарихын насихаттау мақсатында биыл екінші рет ұйымдастырылған «Туған өңір – тұнған өнер» фестивалінде екінші аймақ бойынша Жанқожа батыр, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйлері мен Ү.Түктібаев, Майдакөл, Ақтан батыр ауылдық клубтары өнер көрсетті.


Екінші аймақ бойынша көркемөнерпаздар ұжымдарының Қазалы аудандық фестивалі өз дәрежесінде өткізілді.


Фестивальді Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жолтаев Болат Әбенұлы ашып берді. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі таланттарды анықтау мен өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдарды қолдауда мұндай шаралардың аса қажет екендігін жеткізді.


Шара Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің халықтық театрының «Ұлыларды ұлықтау» тақырыбында театрландырылған көрінісі мен ашылды.


Концерттік бағдарламада Майдакөл ауылдық клубының директоры Ермекбай Ағырай арнау орындаса, Қалымбетов Қаршыға Ж.Табынбаевтың сөзіне жазылған Н.Алғашбаевтың "Жанқожа батыр өр бабам" әнін орындады. Сонымен қатар, 5 кәсіпорын бойынша "Әжелер" ансамбльдері Б.Тәжібаевтың "Туған жер" әнін нақышына келтіре орындаса, Майдакөл ауылдық клубының "Інжу-Маржан" би тобы мың бұрала биледі. Әрі қарай концерттік бағдарламада көркемсөз, дуэт, трио, квартет, ұлт аспаптар ансамблі, вокалдық инструментальді ансамбльдер өнер көрсетті.


Фестивальде салт-дәстүрімізді насихаттау бағытында көрмелер ұйымдастырып көрсетіліп, әсем ән де, би де, арнау, театрландырылған көрініс те, вокалдық инструментальды ансамбльдердің әсем әуендері өнер сүйер қауымға рухани демалыс сыйлады.


Айта кетейік, фестиваль жалғасы үшінші аймақ сәуір айының 26 күні өтетін болады.