Павлодар облысында әйел қатерлі дертке шалдыққан күйеуін емдеу үшін балабақшадан ақша жымқырған

317

Павлодар облысында ауыл тұрғыны науқас күйеуін емдеу үшін балабақшадан ақша жымқырған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.

Железинка ауданында балабақшаның бұрынғы есепшісіне қатысты сот үкімі шықты. Ол бірнеше жыл бойы бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталған. Әйел бұған дейін де істі болған. 

2015-2018 жылдары ол облыстағы екі мектепте есепші болып жұмыс істеп, 8 миллион теңгеге жуық ақша ұрлаған. 2020 жылдың көктемінде ол екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бір жылдан кейін мерзімінен бұрын босап шықты. Бірақ 2021 жылдың қарашасында ол аудиторлық тексерістен кейін тағы тергеуге алынды. Бұл жолы балабақша ақшасын жымқырғаны үшін күдіктелді.
 
Ауыл тұрғыны 2016 жылдың қыркүйегінен 2020 жылдың сәуіріне дейін балабақшада жұмыс істеген. Сотталушы электронды кілттерді пайдаланып, өзінің екі ұлына мекеме қызметкерлері ретінде ақша аударған. Балалары алаяқтық жайлы білмепті. Анасы олардың банк карталарын сұрап, банкоматтардан шешіп алған. Экс-есепші 4 жылдың ішінде 5 миллион теңгеге жуық ақша жымқырған. 

Сотталушы кінәсін толық мойындады. Ол ақшаны науқас күйеуінің еміне жұмсағанын айтты. 2015 жылы есепшінің жолдасы онкологиялық дертке шалдығып, 2017 жылы көз жұмған. Қорғаушы соттан әйелді бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотта әйелдің өз кінәсін мойындап, жұмыс орны мен тұрғылықты жерінен оңды мінездеме берілгені ескерілді. 

Әйелдің ісі қылмыстық кодекстің 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша қаралды. Әйел алдыңғы ісі бойынша да осы баппен сотталған. Сондықтан бұл жолы сот қатаң шара қолдану туралы шешім қабылдады. Әйел 2 жыл, 2 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, 4,9 млн теңге көлеміндегі келтірілген шығын көлемін өтеуге міндеттелді.