12 мың тұрғыны бар ауылда перзентхана жоқ

2 001

СҚО-дағы Уәлиханов ауданында алты жылдан бері перзентхана жоқ,- деп хабарлайды “Opennews.kz” ақпарат агенттігі 31 арнасына сілтеме жасап.



Ауылдың жүкті әйелдері баласын дүниеге әкелу үшін ең азы 36, ең көбі 400 шақырым жол жүреді екен. Босанатын мерзімі жақындап, толғағы жеткен нәзік жандылар көрші ауылға, қалғандары облыс орталығы Петропавл қаласына жіберіледі. 12 мың тұрғыны бар елдімекеннің қыз-келіншектері перзентхана жоқтығы былай тұрсын, жолдың нашарлығынан алыстағы перзентханаларға жетудің өзі мұң екенін айтады.

Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде перзентхана облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен алты жыл бұрын жабылған. Себеп – емханалардағы төсек сыйымдылығын тиімді пайдалану. Алайда қазір өңірдің жүкті әйелдері халқы екі есе аз көрші ауылға барады. 

“Төртінші баламды босанғалы отырмын. Қазір жүктілігіме 6 ай. Босануға барған әйелдер үшін шұрық-тесік жолмен жүру өте қиын. Жол жаман. Скринингке жібереді. Талшыққа әрең жетеміз”, – дейді Кішкенекөл ауылының тұрғыны Ұлжан Кеңес.

Биыл елдімекендегі 156 әйелдің 109-ы 400 шақырым жердегі облыс орталығы Петропавлда, қалғандары көрші ауылда босаныпты.


“Осы жерге көшіп келгеніме екі жыл. Осы жерде бірінші рет босанайын деп отырмын. Арқаланып, дорбаланып, қашанғы жүреміз? Узист жіберсін мына жерге, скринингке түсіретін. Роддом аша ма?”, – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Рабиға Нұрманова. 

Аурухана басшылығы қазіргі уақытта скрининг өткізетін маман оқытылып, келер жылы қызметіне кірісетінін айтады. Ал шенеуніктер ауылда 250 адамға арналған ауруханада перзентхананы қайта ашу мәселесін қарастырмақ.

“Бізде жүкті әйелдерді Петропавл мен Талшықтағы перинаталды орталыққа жеткізетін 2 жедел жәрдем көлігі бар. Егер әйел толғақсыз болса, ауруханаға жоспарлы түрде жатуға өзі бара алады. Немесе жедел жәрдем көлігімен медициналық қызметкермен бірге жібереміз”, – деді Уәлиханов аудандық ауруханасы директорының орынбасары Ақбота Елмағанова.