Балықтан уланған отбасы жансақтау бөліміне түсті
Маңғыстау облысында үй жағдайында ысталған балық жеген бір отбасы ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала болжам бойынша, улануға үй жағдайында дайындалып, тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған үйдің ысталған балығы себеп болған. Зардап шеккендер бұл өнімді 17 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 мен 21:00 аралығында болған отбасылық жиында тұтынған. Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйекте кешке байқалып, науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте ғана жүгінген.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, ботулизм белгілерімен үш ересек пен бір бала ауруханаға жеткізілген.
Үйде зардап шеккендер жиі құсып, жүрегі айныған. Ауруханаға түскен кезде олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Науқастарда әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көру қабілетінің нашарлауы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы және естен тану белгілері байқалды, - деді Марал Қадыр.
Мамандардың айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы ауыр, қазіргі уақытта олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастарға қажетті дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп, арнайы ботулизмге қарсы сарысу егілді.
Дәрігерлер тұрғындарды тамақ қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, белгісіз немесе рұқсат етілмеген орындардан азық-түлік алмауға шақырады. Уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Қаз
Рус






