Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған қармақшылық тәтті өнім бизнесімен айналысуда
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғаны белгілі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде ауданда аталған бағдарламалардың ұсынған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастағандардың қатары көбеюде. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттардың жемісін көріп жүргендер де арамызда жетерлік. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкердің бірі – ІІІ интернационалдық Әсем Нұрмаханова.
Қыз баласы жастайынан тамақ пісіруге, киім тігуге икемді келеді емес пе? Кейіпкеріміз Әсем де бала күнінен тәттілер әзірлеуге қызығыпты. Балалық шақтан бастау алған қызығушылық бүгінде кәсібіне айналып, оның жемісін көруде. Алғашында өз қаражатымен тапсырыс қабылдауды бастаған ол, сұраныс арта бастаған соң кәсіпкер атануға бел байлайды. Ауылдағы кәсіпкерлік ісі бойынша маманға жүгініп, кеңес алады. Маманның нұсқауымен «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік білімін жетілдіреді. Бизнес жоспарын да ойдағыдай қорғап, 2020 жылдың соңында қайтарымсыз грант иеленеді. Берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алып, кәсібін дөңгелете береді. Әсемнің торт дайындап, көптің көңілінен шығып жүргеніне қазір төрт жылдай уақыт болған. Алғашында үйден басталған кәсіп, қазір жұмысын шағын цехта жалғауда. Қосымша бір адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ойлап қарасақ, асты дәмді ету кез келгеннің қолындағы іс емес. Сондықтан да тағамы тәтті асханалар мен өнімі ерекше дүкендерді тұрғындар бекер іздемесе керек. Кез келген өнім дайындайтын орынның мол табыс табуы сондағы аспаздың ерекше ептілігіне тікелей байланысты. Осы ретте Әсемнің тәттілеріне күмән келтіруге болмайды. Оның қолынан шыққан самса, чебуреки, тәтті пирогтар бүгінде үлкен сұранысқа ие. Дүкенге келушілердің де, той-жиынға арнайы тапсырыс берушілердің де қатары көп. Осындай дәмді тағамдар жасайтын кәсіпкер күнделікті табысына көңілі толатынын айтады.
Бүгінде туған күндердің тортсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да тортқа деген сұраныс көп. Егер өнім көңілден шықса, тұтынушының қайта тапсырыс беретіні анық.
Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана, еңбегінің жемісін көреді. Ал өзің қалаған іспен айналысуға бүгінде мемлекеттен берілер көмек көбеюде. Бұл кәсіп бастауға ниетті жандар үшін қуантарлық жайт. Мемлекет ұсынған 555 мың қаржымен бастау алған кәсіп, қазір өркен жайған. Күнделікті табысын ыждаһатпен орынды жұмсай білген жан цехын жаңа дүниелермен толтырған. Бұл ретте қаржылық сауат пен таза маңдай терді айта кеткен жөн. Төрт жылғы табанды еңбектің нәтижесі – тұтынушы көңілінен шығатын жұмысы жүйелі цех. Бұл ретте кейіпкеріміз мемлекеттен көмек алғаннан кейін де, тынымсыз еңбектену керектігін айтады. Иә, көмекті алу бір бөлек, оны әрі қарай жалғастыру бөлек дүние.
Кәсіпкердің алдағы уақытта осы ісін жандандырып, ары қарай үлкен жобаға айналдыру жоспарында бар. Ендеше, жалынды жастың тілегінің орындалуына біз де тілекшіміз. Алдына үлкен мақсат қойған жан сол жолдан таймаса, биіктерге жетері хақ.