Қызылордалық жастар Үндістанға жолдама ұтып алды
13-14 сәуір күні Түркістан қаласында «Respublica» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Recodetau» республикалық хакатонында қызылордалық жастардан құралған «NeoNomad» командасы 1 орын иеленіп, Үндістан мемлекетінде 10 күн тағылымдамадан өтуге жолдама жеңді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап..
Сырбойының намысын қорғау үшін хакатонға қатысқан 3 команда финалдық кезеңге өткен.Бір команда жеңіс биігінен көрініп, қалған команданың жобаларын қазылар алқасы жоғары бағалады. Жаңа жобаларды жүзеге асыру,бизнес жоба жасау, шетелдік компанияда тәжірибеден өту мүмкіндіктері қарастырылған байқауға 18 бен 25 жас аралығындағы 150-ге жуық адам қатысты.
«NeoNomad» командасы хакатон байқауына «ReDabyl» жобасын ұсынды.
Республикалық хакатон екі күнге созылды. Бірінші күні қатысушыларды тіркеу, танысу, өзара байланыс орнату жүрді. Сонымен қатар, ашылу салтанаты мен алғашқы кезең өтті. Байқаудың екінші күнінде финалистердің тізімі жарияланды. Коворкинг құру мақсатында Retime диалог алаңы ұйымдастырылды. Байқаудың бас серіктестері – «Codetau» және «Respublica»партиясы.
Айта кетейік, Қызылорда облысында жастарға арналған хакатон байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Өткен жылы Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен «SmartCityKyzylordaHackathon» идеялар байқауы өтті. Бесінші мәрте өткізілген байқауға 350 қатысушы, 120-ға жуық жоба тіркелді. 3 секция бойынша әр жеңімпазға 1 орын - 150 000 теңге, 2 орын - 100 000 теңге, 3 орын - 50 000 теңге сертификаттары табысталған болатын. Сонымен қатар, біршама оқушылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленді.