Мемлекеттен үй салуға бөлінетін 22 млн теңге халықтың қолына берілмейді
1 546
Мемлекет су тасқыны салдарынан бүлінген үйдің орнына жаңасын салуға бөлінетін 22 млн теңгені ешкімнің қолына бермейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Мемлекет ешкімнің қолына қаражат бермейді. Мысалы, әртүрлі адам бар. Жауапкершілігі бар немесе жоқ. Қоғамда жауапкершілігі бар немесе жауапкершілігі жоқ адамдар бар. Қазір үй салуға, қайта тұрғызуға арналған қаражатты қолына берсе, басқа мақсатқа жұмсалып кетуі мүмкін. Одан кейін қыста мұндай кісілерді не істейміз, тағы ақша береміз бе немесе қайта үй салып береміз бе? Сондықтан мемлекеттің шешімі осындай", - деді министр.
Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға екі таңдау беріледі.
"Үйді қайтып тұрғызады, болмаса әкімдік арқылы екінші нарықтан пәтерлер алады. Бірақ жөндеу жұмыстарын әкімдік пен құрылыс компаниялары жасайды. Әкімдік шешімі бойынша тек бірнеше өңірде қолдарына қаражат береміз. Бұл тек жөндеу жұмыстарына ғана", - деді ведомство басшысы.