«АПАТТЫ» ҮЙДЕ ҚАЛҒАН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ТҰРҒЫНДАР АЛАҢДАУЛЫ

4 077

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде 3 бірдей отбасы апатты үйді паналауда - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 


Бүгінде Қызылорда қаласында «апатты» деп танылған көпқабатты 51 үй болса, ондағы 628 тұрғын пәтер кезегінде тұр. Ал Тасбөгет кентінде барлығы 77 көпқабатты үй тіркелген. Қазіргі уақытта оның 24 үйі апатты деп танылып, 356 пәтер апатты үй кезегіне қойылған. Сондай-ақ Тасбөгет кентіндегі үйлердің бірқатары ескірген. Өжірелері, ауыз су және кәріз жүйелері мен қасбеттері, шатырлары жөндеуді қажет етеді. Осыған орай қала әкімі Серік Қожаниязов биыл жөнделетін 19 үйдің тізімін бекітіп, жоба сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар техникалық паспорты жоқ кейбір үйлердің құжаттарын рәсімдеуді жүктеген болатын. 


Тозығы жеткен үйдің мәселесі жетерлік. Жел болса жарығы сөнетін, жауын жауса төбесі тесілетін, өжірелері мен жертөлелері нәжіс суына батып тұрған үйлер жетерлік. Сондай үйлердің бірі Тасбөгет кентіндегі Сейфуллин 30 – үй апатты деп танылса да, тұрғындар толығымен көшірілмеген. Көршілерін көшіріп үш отбасыны қалдырудың сыры неде? 


Апатты үйлердің проблемасы жұртшылықты талайдан толғандырып келеді. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігі күмәнді үйлерде бірнеше мың адам тұратынын ескерсек, тұрғындардың тынышын қашырған мәселені тездетіп шешу қажет деген қала әкімінің сөзін жел есіп әкеткені ме? 


Тасбөгет кентіндегі апатты деп танылған үйлерге қала басшысы арнайы аралап, ескі үйлерге барып, тұрғындармен кездесті емес пе?  

 

«Тұрғындар арнайы бағдарлама бойынша жыл сайын салынып жатқан үйлерден кезегімен баспаналы болады. Жылына 100-ден астам пәтер табысталса, алдағы 5-6 жылдың көлемінде қаладағы апатты тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік бар», ‒ деді қала әкімі Серік Қожаниязов.


Апатты үйдің басым бөлігі көшіп кеткен, ал нарық заманның талабына сәйкес болмаған отбасы күресуге бел буған. Іргетасы мен қабырғаларынан сыз өтетін, мөңкіген иістің денсаулыққа зиян екендігін, адам өміріне қауіп төндіретін  үйлерде тұру мүмкін емес екендігін тек апатты үйде тұратын жан біледі. 


"Канализациядан аққан су, подвалға жиналып жатыр. Сүрілуге жататын үй деп танылғанына 5 жыл болды. Табиғаттың тосын сыйынан сақта деп тілеп отырамыз.  3 отбасы қалдық осы үйде. Бәрі көшіп кетті. Енді амал жоқ осы мәселемен алысып келеміз. Түн ішінде еден опырылып, нәжістің астында қалмасақ болар. Отбасымызбен қалдық. Көршілерім жаңа үйлерге қоныс аударды, ал біз қалдық", - дейді Айгүл. 


Әкімнің берген уәдесі жылдарға ұласа ма деп алаңдайды тұрғындар. Ал, кезек күттірмейтін мәселені қалай шешуге  болады?


"Меншік иелері «Kezekte.kz» сайты арқылы тұрғын үй кезегіне тіркелуі үшін өтініш бере алады. Тұрғын үй кезектілігі электронды түрде жүргізіледі, кезектілік толықтай автоматтандырылған. Заңға сәйкес, кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер кезектілік тәртібімен беріледі",- деп мәлім етті қала әкімдігінің  мамандары.