«Полиция департаменті жол талғамайтын көлікке зәру» - Қожабаев

108

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қожабаев Мұхтар Аманқұлұлы халық алдында есптік кездесу өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Бүгін «Достық» үйінде полиция полковнигі Мұхтар Аманқұлұлы халық алдында есеп берді. Атқарылған жұмыстарға оның ішінде есірткі қылмысына қатысты бірқатар арнайы профилактикалық шаралардың жүргізілгендігін ерекше атап өтті.


«Бүгінде мал ұрлығы, тонау бұзақылық, есірткі қылмысы, бұзақылық, алаяқтық бойынша қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға азайған. Сонымен қатар, полиция бөлімшелері мен тергеушілер бөлмесі сыбайластықты алдын-алу мақсатында толығымен бейне бақылау камераларымен жабдықталған. Қаламыздың тыныштығын сақтау мақсатында орталық пен шет аймақтарда « SOS» -түймелері іске қосылу жоспарлануда. Шыны керек біздің басқармада жол талғамайтын көлік жоқ. Біздің құзырымызға берілген ақ «Нива» ғана, тіпті берілген тікұшақтың жанармайы толық айналым жасау үшін жеткіліксіз. Ал, есірткі еккен жандардың көліктері жол талғамайды, тіпті біздің баратынымыздан хабардар болып отырады.Осы орайда облыс әкіміне арнайы кіріп, мәселені де көтердім.»,- деді Полиция полковнигі Мұхтар Аманқұлұлы.


Полиция полковнигінің айтуынша, бүгінде қала ішінде жастар арасында есірткі саудасы жақсы дамыған. Әлеуметттік желіде саудасы қызған психотропты заттардың түрі де жетерлік екен.  Тіпті голландиялық марихуананың қала ішіндегі жылыжайларда арнайы өсіріліп жатқандығын тілге тиек етті.


Алайда, облысымыздың бас тәртіп сақшысымен кездесуге асыққан қара халық та жетерлік. Енді бірі алғысын білдіріп жатса, екіншісі тәртіп сақшыларының жәбірленушіге емес екінші тараптың ықпалына еретіндігін де жасырмады. Солардың бірі қоғам белсендісі Перизат Болатқызы:


«Жолдасым тауар несиесін ақшаға айырбастаймын деп алаяққа тап болды. Ал біздің тараптан жазылған арызды қанағаттандырмай, алдаған кісінің сөзін сөйлеген полиция қызметкеріне шара көріңіз. Әділдік іздеп барғанымызда ауыз жаласқандай  алдаған әйелдің сөзін сөйлеп отырған қызметкерлер де бар»,- деді.


Айта кету керек, Полиция қызметкерлері тарапынан кеткен кемшіліктер болса түзетуге әзір екендігін атап өтті. Сонымен қатар,  Полиция полковнигі халықпен әр бейсенбі күні жеке қабылдауына шақырды.


Есептік кездесудің өтуі жөнінде  әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланған болатын. Бұл хабарландыруға сәйкес, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды.


Халық алдында есеп беру кездесуін Мұхтар Аманқұлұлы ашып, қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы  атқарылған жұмыс туралы айтып, өткен 2022 жылды және ағымдағы жылдың есепті мерзімін қорытындылады.  олиция қызметі көп салалы болғандықтан, өзекті бағыттарға тоқталып өтті.  


Жалпы, Қызылорда облысында жедел жағдай тұрақты. Өткен жылы облыс көлемінде тіркелген қылмыстар саны 14 пайызға,  мал ұрлығы, тонау, бұзақылық, алаяқтықтың саны төмендеді. 10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 88 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 43-ті құрады. Бұл ретте Мұхтар Аманқұлұлы Қызылорда облысын ахуалы тұрақты аймақтардың бірі екендігін атап өтті.


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты аясында, ішкі істер органдары ауқымды және терең сапалы өзгерістер енгізуді бастады. Негізгі мақсат – халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу. Бұл бағытта жұмыс процестерін автоматтандыру, цифрландыру және оптимизациялау шаралары туралы да айтылды.  Тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға  тартты.

Сонымен қатар, бүгінгі жиын барысында Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Мұхтар Қожабаев қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты нығайту жолында азаматтық парызына адалдықпен қарап, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге үлестерін қосып, қырағылық танытқан белсенді облыс тұрғындарын Алғыс хатпен марапаттап, арнайы дайындалған  естелік сыйлықтарды табыстады.


Жалпы, халықтың мұң – мұқтажын тыңдап, олардың  өтініштері мен ұсыныстарын  жедел және сапалы қарау  мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт екендігі белгілі. Полиция департаментінің бастығы тұрғындардың, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен барлық сұрақтар мен ұсыныстарды  мұқият  тыңдады. Еркін сұхбатта облыс тұрғындары департамент бастығына өз сауалдарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.


Тұрғындардың бірі белгілі жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алғысы келсе, енді бірі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне  сәттілік тіледі.


Департамент бастығы облыс тұрғындарының барлық уәждерін ескеріп, полиция қызметіндегі жұмыс барысын жетілдіруге қатысты тұрғындардың ұсыныстары бойынша және барлық көтерілген мәселелер мен өтініштердің бақылауға алынатындығын айтты.