Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға өз еркімен оралды

1 553

Фото: rbk.ruСыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «БТА Банкі» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрамында жасалған ақшаны, оның ішінде шетелде жымқыру және жылыстату фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қылмыстық іс бойынша 2009 жылдан бері іздеуде жүрген Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы Алексей  Богданов Қазақстанға өз еркімен оралды.



Ол «Metropolitan Manageres Corp» (BVI) оффшорлық компаниясының номиналды өкілі, «Беловод крахмал комбинаты» ЖАҚ басқарма төрағасы және «Маис Агро» ЖШС маманы ретінде банктің 300 млн теңгеден астам сомаға ақша қаражатын жымқырған.
Күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен түсіндіру жұмыстарының нәтижелері бойынша Богданов Қазақстанға оралуға және тергеуге жәрдемдесуге ниет білдіріп, ол туралы жазбаша өтініш жолдады", - делінген мәліметте.


Биылғы 15 мамырда ҚР ІІМ Интерполының көмегімен Богданов Брюссель қаласынан (Бельгия) Алматы қаласына келді.


Күдіктінің ерікті түрде оралуын, кінәсін толық мойындауын және тергеумен ынтымақтастығын ескере отырып, Богдановқа қатысты бұрын сайланған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы кепілге өзгертілді.


Қазіргі уақытта күдіктінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізілуде.