1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне ораймерекелік шара өтті

1 519

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық мәдени және демалыс паркінде ғажайыпқа толы мерекелік шара өтті, -деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Тақырыпқа сәйкес безендірілген парк аумағы тұтастай мерекелік көңіл-күйді білдіріп тұрды. Шараға арнайы қатысқан шаһар басшысы Серік Қожаниязов кіреберіс қақпадан бастап жолдың екі бетіне жағалай орналасқан жас суретшілер мен қолөнер бұйымдары көрмесін, робототехниктердің жобаларын, балалар кітаптарымен әдіптелген кітап көрмесімен танысты. Сондай-ақ, түрлі спорт түрлерінен өтіп жатқан сайыстарды тамашалады.


Негізгі сахнадағы шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сыр сандуғаштары» вокалды тобының мерекелік әнімен басталып, 100-ден астам бүлдіршін көңілді әнді бимен көркемдеді.


Мерекелік шара ары қарай жыл көлемінде түрлі бағыт бойынша үздік атанып жүрген өнерлі, спортшы, білімді оқушыларды марапаттау рәсіміне жалғасты. Айта кетейік, қаламыздың балғын балалары үшін жасалып жатқан игілікті істердің ауқымы кең. Бүгінде ел Президентінің тікелей қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қарқынды жүргізілуде. Биыл жоба аясында 5, келер жылы тағы 3 мектеп пайдалануға беріледі.


Сондай-ақ, балалардың жазғы демалыстарын тиімді өткізуіне арналған қала мектептері жанынан жазғы тынығу лагерлері жұмыс жасауда. Олардың ішінде этно-лагерь, археологиялық лагерь, спорттық лагерьлер бар. Мұнан бөлек, Түркістан облысындағы «Қуаныш», Жаңақорған ауданындағы «Талды су» тынығу лагеріне балалар демалысқа жіберілуде.

Бүкіл әлемде 1 - ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.


Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.


Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.


БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.


Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл- қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.

Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес.


Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет - болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.