ҚЫЗЫЛОРДАДА СУИЦИД ЖАСАҒАН ЖАСӨСПІРІМДЕР САНЫ КӨБЕЮДЕ
Өз-өзіне қол салу – елімізде белең алған, өзекті мәселелердің бірі, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Елімізде 2022 жылы 3700 адам суицид жасағаны белгілі болды. Психологтың айтуынша, қазіргі таңда адамдар рухани бос. Яғни рухани құндылықтардың болмауы, мақсатсыз өмір сүру өмірден қажытып, өзіне қол салуға себеп болуы мүмкін. Былтыр балалар арасындағы суицид біршама төмендегенімен, өкінішке орай, биыл 5 айда бұл жағымсыз үрдіс 33,3 пайызға, яғни 54-тен 72-ге дейін артып отыр. Талдау нәтижесі 13-17 жас аралығындағы балалар өз-өзіне қол жұмсауға мейлінше бейім екенін көрсетті. Балалар өз-өзіне көбіне-көп үйде қол жұмсайды екен.
Тіпті біздің Сыр елінде өз-өзіне қол салып жатқан жастардың бар екендігі де белгілі болды. Бұл туралы «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ляззат Бақтыбаева өзінің Facebook парақшасындағы әлеуметтік желісінде жариялаған болатын.
Өкінішке орай, Қызылорда облысы бойынша бірінші жарты жылдықта 13 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, 2 оқушы өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған…. Бұл тек 6 айлық статистика…
Қызылорда Облыстық Қоғамдық Кеңесінің отырысында бұл мәселе қаралып, Қызылорда Облысының Білім Басқармасына мектептегі суицидқа қатысты сауалнаманы тоқтату ұсынылған болатын… Себебі, оның не екенінде білмейтін баланың ізденуге қызығушылығын арттырып, қиналған сәттеріндегі жалғыз амал екенін “Гугл-дан” іздеп, оқып алады...
“Юнисеф” бағдарламасының қоғамға әкелген пайдасынан зияны көп екеніне көзіміз жеткенімен тоқтатуға қауқарымыздың жетпеуінен тағыда қайғылы жағдай орын алып, 8 сынып оқушысы қайтыс болған….»,- деп жазды.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға аз тапсырма берген жоқ. Яғни, президент бұл мәселеге үнемі назар аударып отырады.
Осы тақырыппен айналысатын мамандармен пікірлестік. Өкініштісі сол, жұрт кәсіби маманға жүгінбейді екен. Соның кесірінен мәселе ушыққан. Яғни, «маған көмек керек» деген жасөспірімнің, «ақыл айтыңызшы» деген ата-ананың аздығы. «Өйткені, психолог, психотерапевтке бару – көпшілік үшін өзін «дені сау емес» деп есептеумен бірдей» дейді мамандар. Жер бетінде жылына 800 мың адам өзіне қол салып, Қазақстандағы суицид саны 7,4 пайызға көбейген. Мамандар мұның жүздеген себебін алға тартады. Тіпті, түкке тұрғысыз сылтау үшін өмірін қиятындар да бар екен. Мысалы, зерттегенде басты себептер – жалғыздық, ортасынан қолдау таппау, күйзеліс, қарыз, жауапсыз махаббат, жазылмайтын дерт...
Расында да, бұл пікірдің жаны бар. Өйткені, адам өз өміріндегі қиындық-кедергіге жасөспірім шақтан бастап бетпе-бет келеді. Әрине, бұл әлеуметтік мәселелерден, қоғамнан оқшаулану, айналасындағылардан түсіністік таппаудан басталып, басқа да себептерге ұласа береді. Мамандардың айтуынша, адам өміріндегі ең дағдарысты кезең жасөспірімдік шақ пен зейнетке шығатын уақыт екен. Не десек те, 15-19 жастағылар арасындағы суицид көбейіп тұрғаны қынжылтады.