Жасанды интелект: Қызылордалық жастардың үлесі қандай

1 504

Фото: PixabayЕлімізде жасанды интелект ІТ саласын жетік меңгерген жастардың қатарының көбейгені қуантады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жыл өткен сайын тың жобалар өз жемісін беріп отыр. Олардың арасында технологиясы қарыштап дамыған елдердің мамандары жоғары бағалайтын жастар бар. Бүгінде жер жүзінде ІТ саласының дамуына орасан зор маңыз беріліп отыр. Жаңашыл жобалардың жүзеге асуына қазақстандық жастардың да үлес қосып жатқаны қуантады. Олардың алдағы мүмкіндігі қандай?


Инновациялық жобалар – ел игілігіне


Бұл бағытта Сыр өңірінде де көптеген жобалар қолға алынып отыр. Облыс әкімі аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла былтыр Қорқыт ата университеті Оңтүстік Корея елімен бірлесіп жасанды интеллект мектебін ашқанын атап өтті. Қазіргі таңда студенттер технология саласы қарыштап дамыған елдің ұстаздарынан тәлім алуды бастап кетті.



"Алдағы уақытта екі ел арасындағы бірлескен жұмыстар жалғасын табады деген үміттеміз. Жоғары оқу орнында арнайы жасанды интеллект бойынша 100-ге жуық грант беру мәселесі қаралып отыр. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізген студенттер екі жыл көлемінде Оңтүстік Кореяда білім алады. Бұл – біздің өңірдің жастарына өте қажетті әрі ыңғайлы жоба. Келешекте жас мамандар өздерінің тың жобасын жарыққа шығаруға мүмкіндік алады деген ойдамын. Одан бөлек жаңа идеяларды жүзеге асыруға «Kyzylorda Hub», «ІТ park», «Astana Hub» секілді орталықтар арқылы жүзеге асыруға болады. Осы мақсатта тұрақты түрде облыс әкімдігімен бірлескен әртүрлі шаралар өткізілуде", – деді Сәбит Ибадулла. 


Облыста «Hackathon», «Pecha-Kucha» секілді іс-шаралар ұйымдастырылады. Былтыр жасанды интеллектті дамыту бағытында ұйымдастырылған инновациялық фестивальда көптеген жобаларға жол ашылды. 



"Солардың бірі – жасанды интеллектіні қазақша сөйлетіп, ерекше жоба дайындаған оқушы Асылжан Абдуллаевты білікті мамандар жоғары бағалап отыр. Бұл жобаға елімізден бөлек, шет мемлекеттерден де қызығушылық білдіруде. Қазірге дейін бұл бағытта ағылшын және орыс тілінде жасалған жасанды интеллект базасы өте бай. Өкініштісі, олардың арасынан қазақшасын табу қиын. QazaqGPT жобасы әркімге әртүрлі пайда әкеледі. Оны қолдана білу қажет. Артықшылығы, америкалық прототиптерге қарағанда 50 миллиардқа ауқымды. Қазірдің өзінде 2000-нан астам адам аталған ботты Telegram арқылы пайдаланып көрді. Әр кезеңнің талабына сай жаңа технология пайда болады. Қазірге дейін робототехникаға мән берілді, ендігі кезекте жасанды интеллект арқылы жаңа индустрияға жол ашылып отыр. Сол себепті ІТ саланы дамытуға мүмкіндік жасау ел экономикасына жаңа серпін әкеледі деген ойдамын", – деді ол.


Әлемдік компаниялар қазақстандық жастарды бағалайды


Ал «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтың айтуынша, бүгінде еңбек нарығында ІТ саласының мамандары жоғары сұранысқа ие болып отыр. Қоғамның кез келген саласында оның қажеттілігі айқын аңғарылады. Тіпті технология күнделікті өмірде де кеңінен қолданылып отыр.  


"Бірнеше ауқымды жобаны қолға алдық. Оған қала мен шалғайдағы елді мекендегі дарынды жастарды тартуға мән беріп келеміз. Олардың тың жобасын одан әрі жетілдіруге қолдау көрсетіледі. Сол жұмыстардың арқасында өңірде сәтті жобалар жарыққа шықты. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ІТ бағытында өткізілетін жобаларға Қызылорда қаласына қарағанда, шалғай ауылдан келетін жас өрендердің саны басым. Әсіресе, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының жастары өте белсенді. Бұл бізді ерекше қуантады. Алда көптеген жаңа жобалар мен жоспарлар орындалады деген үмітіміз бар", – деді Ж.Түбекбаев.


Оның айтуынша, қазақстандық жастардың ІТ саласы, жасанды интеллект бойынша алған білімі шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланады. Олардың қабілет деңгейі ешкімнен кем соқпайды. Алдағы уақытта қазақстандық жастардың арасынан әлемдік деңгейдегі тың жобаларға түрен салатын талантты азаматтар шығатынына сенім зор.



"Қазірдің өзінде Google секілді дүние жүзіне белгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген қызылордалық жастар бар. Алдағы уақытта олардың қатары толығады деген ойдамын. Осындай талантты азаматтардың арқасында қазақстандық ІТ саласы, жасанды интеллект дамудың жаңа сатысына беттеп келеді", – деді ол.




                                                    Әрбір оқушы білуі тиіс

Жасанды интеллект сөзін алғаш рет 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференцияда Джон Маккарти қолданған. Ол өзінің анықтамасын түсіндіру барысында «Әзірше біз бүтіндей қандай есептеуіш процедураларды интеллектуалды деп айта алатынымызды білмейміз. Сол себепті интеллект сөзін әлемде мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістердің есептеуіш бөлігі деп қана түсініп жүрміз» деген еді.


«Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев ІТ тек айтишниктерге арналмағанын айтады. Бұл қоғамның барлық тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты.


"Сол себепті мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушы осы сала бойынша толық білім алуы керек деп ойлаймын. Бұл жердегі басты мақсат – барлығын ІТ маманы ету емес, болашағына қажет болатын қарапайым қызметтен хабардар болсын деген ой. Біздің ІТ парк базасында 12 резидент бар. Олардың әрқайсысы айына 2 рет іс-шара өткізеді. Оған біз ауылдық, аудандық мектептің және колледждің балаларын онлайн түрде қатыстырамыз. Одан бөлек, шетелдің мамандарынан кеңес алып, балалармен кездесу ұйымдастырамыз. Биыл жасөспірімдерге арналған тағы бір жоба өткізуді жоспарлап отырмыз", – деді А. Қуанышбаев.