Сот әйелінің бас сүйегін сындырған ер адамды бостандыққа шығармақ
Астаналық әйел Алтынай Аюпованың күйеуі оны балаларының көзінше 25 рет ұрып, бас сүйегін оңбай сындырған. Былтыр сот шешімімен оның бұрынғы жұбайы Асет Аюповқа 6 жыл, 8 ай жаза мерзімі тағайындалды. Алайда таяуда сот оны "жақсы мінез-құлығы" және іс-шараларға белсене қатысқаны үшін марапаттап үлгерген. Сондықтан ер адамды қоныс колониясына ауыстыруға болады деп шешім қабылданған. Сотталушы бар болғаны 1,3 жыл жазасын өтеп, алты айдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
"Доғал қатты затпен бас сүйегіме соққы жасады"
Күйеуі үйленбей тұрып та абьюзер екенін байқатқан. Алайда Алтынай жақсы көргендіктен болашақ жарын кешіре берген. Үйленгеннен кейін ол балалары үшін кешірген. Ұлдары небәрі 2 және 3 жаста болғандықтан некесін сақтап қалуға тырысқан.
Теперішке шыдамаған әйел 2021 жылдың қазан айында арыз жазғанымен, еш нәтиже шықпаған. Сонымен 2022 жылдың 18 наурызына қараған түні күйеуі екеуінің арасында жанжал туып, ақыр соңында ол әйелін тепкінің астына алған. Айқай-шудан қорыққан балалары анасын ұрмауды өтінген. Ер адам әйелдің ес-түссіз жатқанына қарамастан оны балағаттай түскен.
Балаларының өтінішінен кейін әкелері сыртқа шығып кеткен. Сол кезде дәліз қанға толып, ол ес-түссіз қалған. Алайда Алтынай балаларының қорқып, жылап жатқанын біліп, жуынатын бөлмедегі телефонына еңбектеп жетеді. Ол анасына қоңырау шалып, жедел-жәрдем мен полицейлерді шақырып беруді өтінеді. Алтынайдың анасы оқиға орнына тез жете алмады, себебі ол басқа қалада тұратын еді. Белгілі болғандай, бұрынғы күйеуі ата-анасына қоңырау шалып, анасы мен інісіне тезірек жетуді сұрапты.
"Қанды жуып, кілемдерді жинай бастады"
Алтынайдың сөзінше, оған біріккен бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, сол жақтағы зигоматикалық-орбиталық кешеннің сынуы диагнозы қойылған.
Сонымен қатар қыздың кеудесі мен алдыңғы құрсақ қабырғасының контузиясы, оң жақта жамбас буынының контузиясы, бас терісінің тігілген жарасы бар. Алтынай бүгінде басқалар секілді қалыпты оқи алмайды. Көздері бұлдырланып тұрады. Сол көзі төмен түсіп кеткен. Бетінің сол жақ бөлігі қимылсыз қалған. Тамақ ішкенде, сөйлегенде кедергі келтіреді.
Күйеуі әйелін аффект жағдайында ұрды ма?
Сот отырысында жәбірленушінің бұрынғы күйеуі кінәсін мойындады – "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" жазасы тағайындалды. Мұнымен қоймай ол сотта "Аса қатігездікпен" деген бапқа қарсылық танытты. Осы кезде сотталушының қорғаушысы мен інісі оның "аффект" жағдайында болғанын ескертіп, істі қайта саралауды талап етті.
Ал алдын ала тергеу барысында жүргізілген кешенді психологиялық, психиатриялық және сот-психологиялық сараптаманың қорытындысы мұны жоққа шығарды.
Алтынайдың бұрынғы күйеуінің олардың жанжалды дауыс магнитофонға түсіріп алуы да сотта көптеген сұрақ туғызды. Сот отырысында айыпкер мұны әйелінің қатесін түсінуі үшін келесі күні жазбаны естірту үшін жасағанын түсіндірді. Сонымен бірге Алтынай олардың жанжалдары жазылған жазбаларды мүлдем қоспағанын атап өтті.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға 8 жыл талап етті. Прокурор моральдық шығынды екі миллион теңгеге бағаласа, Алтынай мен оның отбасы операцияға, ұшуға және ішінара оңалтуға 12 миллион теңге жұмсаған. Жарыссөзде жәбірленушінің адвокаты сотталушыға ең жоғары жаза тағайындауды, 100 миллион теңгеге бағаланған материалдық және моральдық шығынды толық өтеуді сұрады.
Ал Астана қаласы Есіл ауданының №2 сотының судьясы Адель Ешмағамбетова барлық тарапты, сондай-ақ куәларды тыңдай келе, сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу туралы үкім шығарды.
"Қылмыскерді ең төменгі қауіпсіздік мекемесіне ауыстырды"
Ал Адвокат Жанна Оразбақова әйелін аяусыз соққыға жыққан азамат жазасын толық өтеместен бостандыққа шығуы мүмкін екенін айтты.
Адвокаттың айтуынша, прокурор мен Алтынай шешімге қарсылық танытқанымен, сот бәрібір айыпталушының жағына шықты. Апелляциялық шағым сот шешімін күшінде қалдырса, Алтынайдың бұрынғы күйеуі тамыз айында-ақ қаланы жайбарақат аралайды. Қалыпты өмір сүріп, колонияға түнде ғана оралады. Ал тағы жарты жылдан кейін ол тіпті босатылып кетуі мүмкін. Әзірге Алтынайдың беті мен басын жартылай болса да, қалпына келтіру үшін тағы бірнеше күрделі ота жасатады.
Ал іске бей-жай қарамаған "Не молчи" қорының дерегене сенсек, сотталушының анасы әйелдер құқығын қорғау комитетін басқарып, келінінің мүгедек болуына себепкер болған. Бұрын шенеунік болған әйелдің құзырлы органдарда да таныстары болуы мүмкін екені айтылды.