Берекесі мен мерекесі жарасқан бақытты әскери отбасы
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылық құрамы ұжымдағы көп балалы ана аға сержант Манат Орынбекованы Отбасы күнімен құттықтап, департамент басшысының арнайы алғыс хатын табыстады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы қоғамдағы негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына, мемлекет отбасыдан басталатынына ерекше назар аударуда. Осыған сәйкес, жыл сайын қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде Отбасы күні атап өтiледi.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы подполковник Алмат Жақыпов және осы мекеменің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі инспекторы, Қарулы күштердің қызметкері Мөлдір Акбар аталған мереке аясында өз әріптестері департамент штабының мемлекеттік қызметтер көрсету қызметінің сержанты – қызмет бастығы аға сержант Манат Орынбекованың шаңырағына келіп, Отбасы күнімен құттықтады.
Манат 2008 жылдан бері Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде қызмет атқарып келеді. Осы қызмет атқарған жылдар барысында ол өзінің табандылығы мен жақсы тәртібі арқасында көпке үлгі бола білген Отан қорғаушы. Қазіргі таңда сүйікті жұбайы екеуі 3 ұл 2 қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана.
Аға сержант Манат Орынбековамен отбасы мүшелері арнайы құттықтап келген әскери әріптестеріне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Департаменттің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі басшылық жоспарларына сәйкес, жеке құрамдағы көп балалы және жас отбасыларға әр түрлі әлеуметтік, отбасы тұрмыстық және өзге де мәселелерді шешу кезінде көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров