Қызылордада аурухана қызметкерлеріне 10 жыл бойы 5% зейнетақы жарнасы төленбеген

4 352

gov.kzҚызылорда облысында туберкулезге қарсы фтизиопульманалогия орталығының 60-қа жуық қызметкері зейнетке шыға алмай отыр. Себебі қауіпі жоғары медициналық мекеме мейірбикелер мен санитарларға жұмыс зияндылығына сәйкес 5 пайыз зейнетақы жарнасын 10 жыл бойы төлемей келген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қаладағы өкпе ауруларын емдейтін жабық медициналық ұйымның басшылығына ардагер қызметкерлердің өкпесі қара қазандай. Олардың көбі зияндылығы жоғары ортада 20-30 жыл бойы еңбек еткен. Еңбек заңнамасына сәйкес 55 жастан шартты зейнетке шығып, әлеуметтік төлем алуға үміттенген жұмыскерлер мемлекеттің бұл игілігінен құр қалып отыр. Себебі құжат тапсыру барысында аурухана тарапынан міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасы 2014 жылдан бері төленбегені анықталған.

"58 адам арызданып отырмыз. Біз мысалы ең жоғарғы залалсыздандыру ертіндісімен жұмыс істейді екенбіз. Соны біз жұтқан кезде қаншама ағзамызға зиянын көріп жатырмыз. Туберкулез ауруын жұқтырып алу қаупі ол өз алдына. Заңды шығарғаннан кейін ол заң орындалмаса. Ол заңның не керегі бар?", - дейді мейірбике Алмагүл Исабекова.

Тіпті шартты зейнет жасына жеткендердің қатарында денсаулығы сыр беріп, бүгінде еңбекке жарамай қалғандар да бар. Олар мемлекет берген мүмкіндіктен айырып отырған орталықтан тиісті зейнетақы жарнасын өндіруді талап етіп отыр


"Осы уақытқа дейін жұмыс істеп келіп, бір жыл бұрын ота жасаттым да одан кейін мен жұмысқа жарамай қалдым. 1 жылдан бері үйде отырмын. Төлеп бермегендіктен біз шыға алмай отырмыз," - дейді орталық санитары Гүлжахан Байзақова.

Ал жаңадан келген аурухана басшылығы аталған мәселені шешуге қазір қаржылық мүмкіндігіміз жоқ деп отыр. Жалпы зерделеу барысында облыс бойынша туберкулезге қарсы ауруханаларда 400-ден аса қызметкерге 630 миллион теңгедей зейнетақы жарнасы төленбегені белгілі болды


"Фтизиопульманалогия орталығы 2014 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралық төленбей қалған. 5 пайыз жарна пұлы. 80 пайыз жұмыс уақытын зиянкестік шеккен қаржы. Оны енді денсаулық сақтау басқармасына да ұсындық. Өзіміздің есебімізді бердік. Кеше әкімдіктен де ұсыныс қолдау таппапты. Мемлекеттің әлеуметтік көмегінен қағылған орталық жұмыскерлері облыстық фтизиопульманалогия ауруханасын 20 жылға жуық уақыт басқарған бұрынғы бас дәрігерді жауапқа тартуды сұрайды. Үлкен дауға ұласқан зейнетақы жарнасына қатысты заң бұзушылық бойынша арызданушы тарап құзырлы органдарға да шағым білдіріп отыр. Әділдік іздеген туберкулезге қарсы аурухана қызметкерлері Денсаулық сақтау министріне де ашық хат жолдап, мәселенің оң шешілуіне үмітті", - деді Облыстық фтизиопульманалогия орталығының бас дәрігерінің орынбасары Ербол Молдашев.