ӘЛЕМДІК ОЙДЫҢ АЛЫБЫ

1 501

qazaquni.kz2020 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 10 тамыз –Абай күні деп белгіленіп, арнайы аталып өтіліп келеді. Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекерден-бекер емес. Ғылыми ортада дана ақынның туған күні туралы екі нұсқа таралғаны белгілі. Алайда ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында 10 тамыз күнтізбеге Абайдың туған күні ретінде ресми бекітілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Қармақшы таңы" сайтына сілтеме жасап.


ХХ ғасырдың басында-ақ ұлт ұстазы, ғалым Ахмет Байтұрсынов қазақтың бас ақыны деп бағалап: «Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ», – деп мақала жазып, Абай шығармашылығына талдау жасаған еді. Абай сол тұғырдан мызғыған жоқ. Керісінше, уақыт көші алға озған сайын мұралары тереңінен зерттеліп, жан-жақты талданып келеді. Ақын шығармашылығы көптеген ғылым саласына, атап айтсақ, әдебиет, тіл білімі, өнер, философия, педагогика, музыка, тарих, мәдениеттану салаларындағы іргелі зерттеулердің жүргізілуіне негіз болды.

Абай – қазақ халқының болмысын, жай-күйін тереңінен толғата жыр еткен ақын. Оның әрбір өлең жолы өмірге ойлы көзқараспен қарауға, табиғатты адам жанымен егіз деп түйсінуге, әрбір нәрсені асқан көрегенділікпен бағалауға жетелейді.

Баршамызға таныс, бала кезімізден жаттап өскен «Қыс» өлеңіндегі:

«Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды», – деген жолдар табиғат құбылысын халықтық таным-түсінікпен астастыра суреттеуімен ерекшеленеді. Осындағы қазақ халқының құдасын Құдайындай сыйлайтындығы, құда келсе әбігерге түсіп, «қайтсем көңілін табам» деген болмысын қыс мезгілі келген кездегі жанталасы, «қыстан қалай аман-есен шығамын, мал-жанның жағдайын қалай жасаймын» деген қарбалас тіршілігі ретінде бейнелейді. Оқып отырған адам табиғаттың қатал сол бір сәтін көз алдына келтіре отырып, бір мезетте дүниедегі ең бір сыйлы қонағын күтіп, соның қамымен жүргендей әсерге бөленеді. Мұндай шумақтар әдебиеттану ғылымына ғана емес, этнографиялық, мәдениеттанымдық зерттеулерге де арқау болары анық.

ХІХ ғасырдағы қазақ халқының тыныс-тіршілігін, шаруашылығын, мінез болмысын Абай өлеңдері арқылы танитынымыз баршаға белгілі. Оның «Болыс болдым, мінеки», «Қалың елім, қазағым», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ», «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалы», «Білімдіден шыққан сөз», «Әм жабықтым, әм жалықтым», т.б. өлеңдері сан-салалы тақырыпты қамтиды. Жас ұрпақты білім алуға жетелеу, білім-ғылымның, өнердің пайдасын ұғыну, оны келешек ұрпаққа насихаттау мәселелері – ақын өлеңдерінің негізгі тақырыптары.

Ұлы даланың ұлы ақыны атанған Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен бөлек үш поэмасы мен қара сөздерінің де шоқтығы биік. Адамдық ар өлшемін, адамның көзі тірісінде қанағатсыз, тойымсыз келетінін сөз еткен «Ескендір» поэмасының тәрбиелік мәні зор. Ел аузындағы аңыз оқиғаны үлкен шығарма мазмұнына айналдырған ақын шеберлігі мен оқырманын адамгершілікке баулудағы маңызы айрықша.

Философиялық трактаттар стилінде жазылған қара сөздері – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Абайдың тағы бір қыры – оның аудармашылығы мен сазгерлігі. Ақынның Гете, Лермонтов, Пушкин, Крылов шығармаларынан аударған туындылары – қазақ танымына сай тәржімаланып, ойдың ұшқыр жеткізілуімен, танымдық мәнінің мазмұндылығымен ерекшеленеді. Ақын аудармалары тілге жатық, жеңіл, терең ойлы, түпнұсқадағы ойды дәл, тіпті одан ауқымдырақ жеткізе біледі.

Бізге жеткен Абайдың 28 әні бар. Ғалымдар «Евгений Онегиннің Татьянаға жазған хатының» үш нұсқасын қосып санағанда 64 әні мен 4 күйінің бар екендігін тілге тиек етіп, ғылыми түрде дәлелдеп келеді. Қазіргі таңда «Торыжорға», «Май түні», «Майда қоңыр», «Абайдың желдірмесі» деген күйлері белгілі болып отыр. Бәлкім, бізге жетпеген, беймәлім күйде қалған әндері мен күйлері де бар шығар. Абайдың күйлері жайлы мәлімет соңғы 20-30 жылдың көлемінде ғана айтылып келеді. Оған дейін ақын шығармашылығының бұл қыры жайлы мәлімет болған емес.

Ақын шығармаларының әрбір саласы – жеке зерттеу материалдары. Ол туралы кеңінен толғап, қалам тербеуге болады. Ақын мұраларын зерттеу ісіне Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Рабиға Сыздықова, Мекемтас Мырзахметов, Жабал Шойынбет, т.б. көптеген отандық әдебиеттанушы, тілші ғалымдар үлкен үлес қосып, іргелі еңбектер жазды. Жарты ғасырға жуық өмірін көркем әдебиетке арқау еткен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы (4 кітаптан тұратын роман эпопея деп аталады) – қазақ әдебиетіндегі теңдесі жоқ туынды. Ол көлемі жағынан да отандық әдебиетте озық тұр. Ал мазмұны, тарихи оқиғаларды көркем тілмен сипаттауы, сөйлем құрылымы, кісі атаулары мен жер атауларының қолданылуы жағынан да үлкен ерекшелікке ие. Аталмыш роман дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. Яғни, Абай арқылы осынша тілде сөйлейтін халық өкілдері қазақ халқы жайлы біліп-танысты.

«Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей», – деген секілді өлең жолдары нақыл сөзге, тәрбиелік бағдаршамға айналған ақын мұралары – ұғына білген жанға Темірқазық. Тек көкірек көзімен сезіне білу қажет. Сол себепті өскелең ұрпаққа ақын шығармашылығын насихаттау ісі күн тәртібінен түспеуі керек. Озық ойлы, ұлттық тәрбиенің тамырынан нәр алып, түзу өскен тал шыбықтай болып қалыптасқысы келетін ұрпағымыз Абай шығармаларынан сусынын қандырса, нұр үстіне нұр болар еді. Абай мұрасы – өміршең.


Лаура БАҚТЫБАЕВА

педагогика ғылымдарының магистрі