Халықаралық жастар күнін атап өтті
Бүгін ауданымызда Халықаралық Жастар күні атап өтілді. Бұл мерекенің мақсаты – жастардың қоғамдағы рөлін дәріптеп, олардың болашаққа деген үміттері мен арман-мұраттарын көрсету, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы аудан жастарын құттықтап, оларға аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ, жастардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың жетістіктерін жоғары бағалады.
Мереке аясында бос орындар жәрмеңкесі мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсынып, спорттық сайыстар олардың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттырды.
Шара соңында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Ән-жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Баршаңызды, айтулы мерекелеріңіз – Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Қай елдің болмасын басты капиталы оның халқы, соның ішінде жастар болып табылады. Жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен жетілуі, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты.
Жастар — қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады.
Құрметті жас достар!
Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – бүкіл Қазақстан жастарының міндеті. Сондықтан еліміздің əрбір азаматы басты байлығымыз – Тəуелсіз Қазақстан екенін əрдайым естен шығармауы тиіс.
Ендеше, аудан жастары мемлекетіміздің өркендеуі мен жарқын болашағы жолында жастық жалынымен, ерік-жігерімен, аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деген сенімдеміз.
Өз мүмкіндіктеріңізді барынша пайдаланып, зор жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерден көрінулеріңізге тілектеспіз. Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс пен бақ-береке тілейміз!