Қазақстаннан 4 млрд теңгенің мұнайын заңсыз алып шықпақ болған

353

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 4 млрд теңгеге жалпы көлемі 20 мың тонна мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы фактілері бойынша 35 қылмыстық іс қозғалғанын жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.




Мысалы, Жамбыл облысында Қырғыз Республикасына экспорттамақ болған кезде АИ-92 маркалы бензині бар 5 теміржол цистернасы ұсталған. Құжаттарда бұл басқа өнім, яғни лак кетіретін еріткіш көрсетілген. Тәркіленген жанар-жағармайдың жалпы сомасы шамамен 60 миллион теңгені құрады.

Павлодар облысында «органикалық еріткіш» деген жалған атаумен Ресей Федерациясына экспорттамақ болған дизель отыны бар 4 теміржол цистернасы ұсталды. Сондай-ақ Павлодар облысында ЖШС директоры растайтын құжатсыз 660 тоннадан астам мазутты 76 млн теңгеге сатқан. Бұған дейін 2021 жылы Атырау облысында екі компанияның директоры жалпы саны 6 мың тоннаға жуық дизель отынын сатып алып, оны 1,8 миллиард теңгеге заңсыз сатқан.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жанар-жағармайдың шығу көздері мен оның айналымына қатысы бар тұлғалар анықталуда. Оларды табу үшін аналитикалық құралдар кеңінен қолданылып, терең операциялық әзірлемелер жүзеге асырылып жатыр. Өңірлерде шекара қызметі және мемлекеттік кіріс органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылып, бірлескен жұмыс жоспарларына қол қойылды», - деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.