90 миллион теңге: Алматы полиция департаментінде бухгалтерлер 7 жыл бойы қызметкерлердің жалақысын иемденіп келген
Алматы полиция департаментінде бухгалтерлердің жалақы қорындағы қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсап келгені анықталды. Олар ақшаны туыстары мен жақындарына аударған, салдарынан 90 миллион теңгеге жуық шығын келтірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап.
Алматыдағы аудандық соттардың бірінде көпжылдық ақша жымқыру дерегіне қатысты іс аяқталды. Анықталғандай, төрт бухгалтер мен оларды бақылап келген қаржылық қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары 2013 жылдан бастап өз қажеттіліктері үшін полицейлердің жалақысын пайдаланып келген. Дегенмен осы уақыт аралығында бірде-бір тексеріс бұл заң бұзушылықтарды анықтамаған көрінеді.
Іс материалдарына сәйкес бірінші болып жалақы қорына қаржылық қамтамасыз ету басқармасының жетекші маманы Әсел Нұрымбетова қол салған. Ол 2013 жылдың басында жұмысқа орналасып, жалақыны есептеумен шұғылданған. Осы кезде ол департаменттің есепшотында ай сайын қаражаттың бір бөлігі игерілмей қалатынын байқаған. Себебі ішкі істер органына қызмет етпейтін полицейлер үшін де ақша түскен, сәйкесінше бос орындар болғандықтан қаржы да артылып қалған.
Нұрымбетова игерілмеген қаржыны 2013 жылдың мамырынан бастап өзінің таныстары мен туыстарының картасына аудара бастапты. Алдымен 21 мың теңге, кейін 71 мың, сосын 77 мың теңге. Ал қаржы қызметте жүрген полицейлерге аударылғандай етіп рәсімделген.
Кей айларда жетекші маман ай сайын 5-6 рет ақша аударған. Бұл 2020 жылдың ақпанына дейін жалғасып келген. Демек 7 жыл бойы әйелдің өз әріптестерінен ақша ұрлап келгенін ешкім білмеген. Әсел Нұрымбетованың барлығы 58 миллион теңге ұрлағаны тексеріс кезінде әшкере болды.
Бухгалтер Марал Ерікова да дәл осы жүйе бойынша 2014 жылдың маусымынан бастап қаржы ұрлаған. Оның заңсыз әрекеті тек 2020 жылы ашылып, барлығы 18,7 миллион теңге ұрлап үлгерген.
Полиция департаментінің екі бухгалтері Айнұр Хасенова мен Тоғжан Тоқтасын бірге әрекет етіп, полиция департаментінен заңсыз жолмен 10 миллион теңге шығарған. Ал олардың басшылары, басқарма басшысының орынбасары жарты миллион теңге алып, қол астындағылардың әрекетіне көз жұма қараған. Ақшаның бір бөлігін бухгалтерлер бірге ұрлаған.
Полиция департаментіндегі ұрлық дерегі абайсызда ашылып қалған. Жеке қауіпсіздік басқармасына бухгалтерлердің қауіпсіздік жүйесіндегі олқылықтарды өз пайдасына асырып жүргені туралы ақпарат түскен. Кейін тексеріс тағайындалып, бұл айыптар расталды.
Ақша ұрлаған барлық бухгалтерлерге ұрлық дерегі, ал басшылары салғырттық таныту бойынша айып тағылған. Сотта олар өз кінәларын ішінара мойындап, қаржыны қайтаруға уәде берген. Бір қызығы, полиция департаментінің өкілі айыпталушылардың шығынды өтеу туралы келісімге қол қойғанына сілтеп, қаржыны қайтаруды талап етпеген.
Нәтижесінде аталған бес азамат та кнәлі деп танылып, Әсел Нұрымбетова 7,5 жылға, Мақпал Ерікова 7 жылға, Айнұр Хасенова мен Ләззат Сартқожанова 3 жылға бас бостандығынан айрылса, Тоғжан Тоқтасын 3 жылға шартты түрде сотталды.
Дегенмен бухгалтерлердің ешбірі колонияға жіберілмеген, бұған кәмелетке толмаған балаларының болуы себеп. Сондықтан жаза бірнеше жылға кейінге қалдырылды.