Жекеменшік клиника марқұмдарға қызмет көрсетіп, ерлерді гинекологқа жіберген
Павлодарда жекеменшік клиникалардың біріне қатысты тергеу басталды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап.
Себебі медициналық мекеме Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы мемлекет қаржысын негізсіз алған болуы мүмкін.
Тергеу дерегінше, клиника екі жыл бойы медициналық қызмет көрсетілмесе де, оны есепке енгізіп, мемлекеттен ақы алып отырған. Тіпті марқұмдарға да медициналық көмек көрсетілгені жазылған. Алдын ала есеп бойынша, бюджетке келген шығын 15 миллион теңгеден асады.
Қазір тергеу органдары клиника басшылығы мен дәрігерлердің бұл іске қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Әзірге ресми түрде күдіктілер анықталған жоқ. Алайда тексеріліп жатқан азаматтардың тізімі аз емес.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, медициналық ұйым мемлекеттік кепілдік берген көмек аясында көрсетілген қызметтер туралы жалған мәлімет енгізген.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қаз
Рус






