Адам қайтыс болғаннан кейін оның зейнетақы жинағын кім алады
Адам қайтыс болғаннан кейін оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтары жоғалып кетпейді. Отбасы мүшелері жерлеу рәсімін ұйымдастыруға арналған біржолғы төлем ала алады, ал қалған қаражат мұрагерлеріне беріледі,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform.kz порталына сілтеме жасап.
Жерлеу рәсіміне қанша ақша беріледі?
Егер қайтыс болған адамның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинағы болса, оның отбасы мүшелері жерлеу рәсімін ұйымдастыруға арналған біржолғы төлем алуға құқылы. Төлемнің ең жоғары мөлшері – 94 АЕК, яғни 406 550 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ақша қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы есебінен төленеді.
Мысалы, оның зейнетақы шотында 300 мың теңге болса, отбасы осы сомадан артық ақша ала алмайды. Ал жинақ көлемі 406 550 теңгеден асқан жағдайда, алғашқы төлем белгіленген шекті мөлшермен шектеледі.
Сонымен қатар заңнамада қосымша мүмкіндік қарастырылған. Егер жерлеу рәсіміне арналған төлемнен кейін шотта қалған қаражат мөлшері ең төменгі зейнетақыдан аспаса, бұл сома да отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлем ретінде беріледі. 2026 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге.
Мысалы, қайтыс болған адамның зейнетақы шотында 450 мың теңге болса, отбасы алдымен 406 550 теңге ала алады. Қалған 43 450 теңге де жерлеу рәсіміне арналған төлем ретінде берілуі мүмкін. Себебі бұл сома белгіленген шекті мөлшерден аспайды.
Жерлеу рәсіміне арналған төлемді қалай алуға болады?
Ақшаны алудың екі жолы бар: БЖЗҚ бөлімшесіне жеке барып өтініш беру немесе қордың сайты арқылы өтініш жолдау.
Жеке жүгінген жағдайда өтініш берушінің жеке куәлігі мен банк шотының деректемелері қажет.
Егер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қажетті мәліметтер болмаса, қайтыс болғаны туралы куәлік пен марқұммен туыстық қатынасын растайтын құжатты қосымша ұсыну керек.
Өтінішті электронды түрде беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Алайда бұл жағдайда адамның қайтыс болғаны және өтініш берушімен туыстық байланысы туралы мәліметтер мемлекеттік дерекқорларда болуы тиіс.
Егер төлем алушы 14 жасқа толмаған бала болса, құжаттарды оның заңды өкілі тапсырады. Ал 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен өтініш бере алады.
Мұндай жағдайда баланың құжаттары мен оның атына ашылған банк шотының деректемелері де қажет.
Марқұмның қалған зейнетақы жинағы кімге тиесілі?
Жерлеу рәсіміне арналған төлем жасалғаннан кейін марқұмның зейнетақы шотында қалған қаражат Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен мұрагерлеріне беріледі.
Бұл міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарға қатысты.
Мұраны алу үшін БЖЗҚ-ға жеке басын куәландыратын құжатты, мұраға құқық туралы куәлікті немесе ақшаны алуға құқығын растайтын заңнамада көзделген өзге де құжатты, сондай-ақ банк шотының деректемелерін ұсыну қажет.
Егер мемлекеттік дерекқорларда адамның қайтыс болғаны туралы мәлімет болмаса, қайтыс болғаны туралы куәлік те талап етіледі.
Төлем алу үшін БЖЗҚ-ға жеке жүгінуге, сенімхат арқылы өкіл жіберуге немесе құжаттарды пошта арқылы жолдауға болады. Өкіл арқылы немесе пошта арқылы өтініш берген жағдайда нотариалды куәландырылған құжаттарды қоса алғанда, қосымша құжаттар қажет болуы мүмкін.
Бұл ретте ақша тек мұрагердің жеке банк шотына аударылады. Оны туысының, қамқоршысының немесе сенім білдірілген тұлғаның шотына аударуға болмайды.
Төлемдерді рәсімдеу тәртібі, қажетті құжаттар тізімі және өтініш беру жолдары туралы толық ақпарат қордың enpf.kz ресми сайтындағы "Мұрагерлерге және жерлеуге" бөлімінде жарияланған.
Балалары зейнетақы жинағын мұра ретінде ала ала ма?
Кәмелетке толмаған балалар да зейнетақы жинақтарының мұрагері бола алады. Егер бала 14 жасқа толмаған болса, оның атынан құжаттарды ата-анасы, асырап алушылары немесе қорғаншылары тапсырады.
Ал 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер заңды өкілінің келісімімен төлем алу үшін өздері өтініш бере алады.
Мұраны рәсімдеу үшін баланың туу туралы куәлігі, мұрагерлік құқығын растайтын құжат және банк шотының деректемелері қажет. Баланың жасына және жағдайға байланысты жеке куәлік, ата-анасының жазбаша келісімі немесе қорғаншылықты белгілеу туралы құжаттар да сұратылуы мүмкін.
Бұл ретте мұраға қалған ақша ата-анасының емес, кәмелетке толмаған баланың өз банк шотына аударылады.
Алынған ақшаға салық төлеу керек пе?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері Қазақстан резиденттері үшін жеке табыс салығынан босатылды. Яғни зейнетақы жинақтарын алған кезде одан салық ұсталмайды.
Алайда Қазақстанның резиденті болып саналмайтын адамдар үшін ерекшелік қарастырылған. Олардың зейнетақы төлемдеріне Салық кодексіне сәйкес салық салынады.
Тағы да оқыңыздар

Қаз
Рус





