14 жасар қазақстандық жасөспірім халықаралық маникюр байқауында топ жарды
439
Екібастұз қаласының тұрғыны жас маникюр шебері Сочи қаласында өткен тырнақ әрлеу бойынша халықаралық байқауда жеңімпаз атанды- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
21 елден келген ересек маникюр шеберлері бақ сынаған өнер олимпиадасында 14 жастағы Арулат Мұхаметқали жарыстың ең жас қатысушысы атанған. Байқау жұмысын орындауға оқушы жеті сағатқа жуық уақыт жұмсаған. Арулат "Өсіру және дизайн" номинациясы бойынша чемпион болған."Екі жылдық менің тәжірибе жолым үлкен сабақтарға толы болды. Жарыстардағы жеткен жеңістерге қуанған сәттеріммен қатар, қолымнан ешнәрсе келмейді деп көзіме жас алған кездерім де болды. Алайда қазір менің жанымда әрқашан қолдап жүретін адамдар бар. Сіздердің барлықтарыңызға үлкен алғыс айтамын. Сіздердің жылы лебіздеріңіз менің бір орында тұрып қалмауыма септігін тигізеді", - деп атап өтті жас жеңімпаз.
Ол тәлімгерлері Елена Шанская мен Наталья Соложинаға ерекше алғысын білдіреді.
Алдағы уақытта Арулат тырнақ өнерін үйренгісі келетіндермен өз білімін бөлісуді жоспарлап отыр. Кезінде өзіне бұл мамандықтың қыр-сырын әлемнің үздік шеберлері үйреткенін, ендігі кезекте өзі басқалардың арманына жету жолында себепші болғысы келетінін жеткізген.