Енді көмір мен шөпті жәрмеңкеден сатып алуға болады

1 224

ulysmedia.kzСауда және интеграция министрлігі Қазақстанда жәрмеңке мен республикалық көрме өткізудің стандарттарын әзірлеп, бекітті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.


Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанованың айтуынша, енді Қазақстанда бес түрлі жәрмеңке өтеді. Дәлірек айтсақ, мектеп құралдары, көмір, шөп сататын маусымдық жәрмеңке; отандық тауар өндірушілерді қолдайтын белгілі бір тақырып аясындағы жәрмеңке, ауыл шаруашылық тауарларын қолжетімді бағада сататын ауыл шаруашылық жәрмеңкелері, мемлекеттік мерекелерді тойлауға арналған мерекелік жәрмеңке мен бірнеше аймақ қатысатын аймақтық көрменің стандарттары бекіді.


"Әрбір жәрмеңке түріне арналған күнтізбелік кесте және өткізу мерзімі белгіленген. Мысалы, ауыл шаруашылық жәрмеңкелері аудандарда кемінде екі аптада бір рет, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда аптасына кемінде бір рет өтуі керек. Сауда орындары тегін беріледі. Шараға қатысқысы келетіндердің барлығы онлайн өтінім бере алатындай ұйымдастыру процессін цифрландыру керек. Ауыл шаруашылық, мерекелік және маусымдық жәрмеңкелердегі бағалар нарықтық бағадан төмен болады", - деді вице-министр Айжан Бижанова.