Қарағандыда полицейлер көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды

447
ҚазАқпарат - 9 тамызда Қарағанды қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Рауан Оразбеков пен Ерғанат Қалиолла Бұқар жырау даңғылы бойындағы көпірден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды

Бұл туралы ҚазАқпарат Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. Қарағанды қаласының полиция басқармасы жедел басқару орталығынан түскен шұғыл хабарлама бойынша жедел әрекет еткен полицейлер өзіне қол жұмсамақ болған 41 жастағы ер адамды ажалдан алып қалды. «Екі - үш минуттың ішінде біз оқиға орнына жеттік. Көпірдің шетінде тұрған ер адамды көрдік. Жарты қадам жасаса құрбан блар еді. Өйткені, төменде теміржол рельстері, жоғары кернеудегі байланыс сымдары бар. Мен қоршаудан өтіп, жанына барып сөйлесе бастадым. Ер адам отбасын асырай алмағандықтан осындай қадамға барғанын мойындады. Мен атымды айтып, қолымды создым, ол қолын ұсынған кезде мықтап ұстап әріптесіммен бірге оны қауіпсіз жерге шығарып алдық - деді Рауан Оразбеков. Полицейлер құтқарылған азаматты Қарағанды қаласының полиция басқармасының Орталық полиция бөліміне жеткізді. 41 жастағы ер адам қаржылық қиындыққа байланысты шарасыз қадамға барғанын мойындады.