Қарағанды облысында ауыл тұрғындарына футбол ойнауды үйретіп жүрген нигериялық спортшы жайлы не білеміз

292
Қарағанды облысының балалары енді үйден ұзамай, аулада жүріп-ақ кәсіби спортпен шұғылдана алады. Оларды жаттықтыру үшін шетелден мықты бапкерлер шақыртылмақ. Бұл – спорт комитетінің бастамасымен құрылған "Аула-фит" бағдарламасының нәтижесі. Қазірдің өзінде Осакаров ауданында балаларды футболдан Нигериядан келген легионер жаттықтырып жүр.

"Аулафит бағдарламасы керемет жоба екен. Мен балалар арасындағы футболды дамыту мақсатында арнайы келіп, жаттығу жүргізіп жүрмін. Біздің елде яғни Нигерияда мұндай мүмкіндік жоқ. Өзім бірінші лигада ойнаймын. Білгенімді Осакаров ауданының балаларына үйретсем деймін. Бір қызығы, тек балалар емес, зейнеткерлер де келіп жаттығып жүр", - дейді Самуэль Обинна.

 
Елді мекен тұрғыны Аманбол Иманбайұлы нигериялық спортшының жаттығу жұмыстарына кіріскеніне бір апта болғанын жеткізді. 


"Маған футбол, баскетбол ұнайды. Осы жерде күнде дайындаламыз", - дейді ол.
 Ауданда қазір 9 мыңға жуық тұрғын бар. Оның 2 мыңнан астамы – 16 жасқа дейінгі бала. Шетелдік бапкер аудандағы дене шынықтыру сауықтыру орталығы мен 5 бірдей ауладағы алаңға жаттығу кестесін іліп қойған.


 "Жобаның мақсаты – қол жетімді спортты дамыту. Мысалы, үйде отырған аналар, зейнеткерлер балалары мен немерелерін жетектеп ауданның бір жағынан енді бір жағына баруының қажеті жоқ. Кәдімгі аулада да дайындала беруге болады. Қазірдің өзінде футбол нәтижелі болып, облыстық жарыстарда жүлделі орындар ала бастадық", - дейді "Aulafit" бағдарламасының үйлестірушісі Әлия Оспанова. 


Бағдарлама аясында ауданда алдағы уақытта қазақ күресі, каратэ, тоғыз құмалақ, ауыр атлетика мен велоспорт үйірмелері ашылмақ. Оған да тәжірибелі бапкерлер тартылмақ.