Шенеуніктер бюджет қаражатын тиімсіз жұмсамақ болған
П
авлодарда бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Павлодар қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алуларға жүргізілген талдау барысында Орталық скверді жөндеуді жоспарлау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады.
"Анықталғандай, Орталық скверді жөндеуді жоспарлау барысында сметалық құжаттамаға көлемі 25 мың шаршы метрден асатын тротуар плиталарын төсеу жұмыстары, сондай-ақ құны 368 млн теңгеден асатын дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілген", - деп жазылған хабарламада.
Бұл ретте сквердің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды және оның құрамына көгалдар, жасыл желектер, ағаштар мен төсеуге жатпайтын ашық топырақ учаскелері кіреді. Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде тротуар плиталарына нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталды. Жобада көзделген жұмыс көлемі мен материалдар нақты қажеттіліктен едәуір асып кеткен, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған.Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.







